Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қытай-Қазақ шекарасын бұзып, саяси босқын мәртебесін сұраған екі қазақ 1 жылға сотталуы мүмкін

AstanaTV
16.10.2019ж. 20:00
4851
Қытай-Қазақ шекарасын бұзып, саяси босқын мәртебесін сұраған екі қазақ 1 жылға сотталуы мүмкін

Қытай-Қазақ шекарасын бұзып, саяси босқын мәртебесін сұраған екі азамат 1 жылға сотталуы мүмкін. Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсақанұлының қорғаушысы осылай деп отыр. Қазір сотқа дейінге тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қытайдан қашқан қазақтар мәселесіне Әлішер Өмірзақ үңіліп көрді.

Енді шекара бұзған біздің кінә. Бірақ амалдың жоғынан бұздық оны. Ол жақта жақсы болып жатса мен әке-шешемді тастап, бала-шағамды тастап осы жаққа келеміз бе?! Амалсыздан болған шара. Заңды біліп тұрып бұздық. Осы жақ соттаймын десе, атамын десе де осы жерде ата салсын, Қытайға апармаса болды мені.

1 қазан Қытайдың Дөрбілжің ауданынан шығып, заңсыз шекара кесіп Қазақстанға келген Мұрагер Әлімұлы, Қастер Мұсақанұлы саяси босқын мәртебесін сұрайды. Қайта барсақ, арнайы лагерьден бір-ақ шығамыз, дейді. «Атажұрт еріктілері» ұйымының жетекшсі халықаралық ережелерге сай мемлекет оларды Қытайға тапсырмауы қажет деп отыр.

Бекзат МАҚСҰТХАНҰЛЫ, «АТАЖҰРТ ЕРІКТІЛЕРІ» БАСШЫСЫ:

Халықаралық заңдар бар. Босқын басына  егерде шынымен ауыр жағдайға түскен болса оны қайтармау керек деген. Яғни көп мемлекетте келісім бар сол бойынша қайтарылмайды деп.

Екі азаматқа қатысты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Адвокат Бауыржан Азанов олар шекараны кесуіге мәжбүр болғанын айтып отыр.

Бауыржан АЗАНОВ, АДВОКАТ:

Олар енді сотталса, мүмкін, ол жағын енді құдай біледі. Біздің ҚК 392 бабы 1-ші бөлімінің санкциясы бойынша 1 жылға сотталуы мүмкін не айыппұл төлейді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі істің ақ-қарасын анықтауда ешқандай заңсыз әрекеттерге жол берілмейтінін, барлығы заңға сәйкес болатынын мәлімдеді.

Қытаймен шектесіп жатқан Шығыс Қазақстан облысына жыл басынан бері 131 жанұя Аспан асты елінен қоныс аударған. Мамандар бұл процестің еш қиындығы жоқ, дейді. Олар елге келіп, көші-қон қызметінде есепке тұрады. Содан кейін құжаттарды ХҚКО-на мемлекеттік бағдарлама бойынша көшуге тапсырады.

Дана ҚАБДУЛИНА, ШҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ КӨШІ-ҚОН БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Оның ішінде Қытай халық республикасы, Моңғолия, Әзербайжан, Ресей және де Өзбекстан Республикасынан қоныс аударды. 250 адам мемлекеттік бағдарлама арқасында субсидияға ие болды.

Бірақ Қытай қандай да бір құқық заң бұзушылыққа қатысы бар азаматтарға елден шығуға виза бермейді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қастер Мұсаханұлының осыдан 13 жыл бұрын да шекараны кесіп өтпек болғаны үшін ұсталғанын хабарлады. Ал Сыртық істер министрлігінің ресми өкілі Қытайдағы Қазақстан елшілігіне қысым көрдік деп, көмек сұрап келген қазақтар болмағанын айтып отыр.

Ә. Өмірзақ