Павлодарда нан 20 теңгеге қымбаттады. Өйткені ұн бағасы өскен. Өңірдегі кәсіпкерлік және сауда басқармасы осылай деді. Әлеуметтік дүкендерде нан қазір 80 теңгеден сатылып жатыр. Еске салайын мемлекет басшысы Твиттердегі парақшасында : «Әлеуметтік» нан бағасының өсуіне байланысты- Үкімет пен әкімдерге шұғыл шаралар қабылдап, субсидиялауды қарастыруды тапсырылғанын хабарлаған еді. Көмір бойынша да осындай тапсырма берілген. Бұл мәселелер Президенттің тікелей бақылауында. Әріптесім Өзгеріс Қуанар өзі тұратын Павлодардағы нан мен көмірдің бағасын біліп қайтты.
Павлодарда тұрғындарды нанмен қамтамасыз етіп отырған 20-дан аса наубайхана бар. Аймақта ас атасының бағасы 65 теңгеден 110 теңгеге дейін жеткен. Орташа құны 80-85 теңгені құрайды. Жергілікті әкімдік баға қатаң бақылауда деді.
Талғат ДҰҒАЛОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі күні нан бағасы қалыпты. Өткен аптада аздап қымбаттағаны рас. Қазір барлық ірі сауда орындарында нан қол жетімді бағада. Әлеуметтік дүкендерде нан 80 теңгеден сатылып жатыр.
Әкімдік нан бағасына ұн әсер еткенін айтады. Өткен жылы бидайдың тоннасы 50-60 мың теңгені құраса, биыл 70 мың теңге болған. Сондықтан бірінші қажеттіліктегі тағамды тұрақты бағада ұстау үшін арзан ұн сатып алынып, наубайханаларға жөнелітілгенін жеткізді.
Сондай-ақ, көмірдің де бағасы атқамінерлердің бақылауында. Қатты отын сататын орындарда тапшылық та, ұзын-сонар кезек те жоқ.
Дастан ДӘУЛЕТБАЕВ, КӨМІР САТУ БАЗАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бүгінгі күні Майкөбі көмірінің сұрыпталмаған түрі 10 мың, сұрыпталғаны 12 мың теңге тұрады. Ал Қаражыра - 12 мың, қарағандының Шұбаркөл көмірі 14 500теңге шамасында сатылып жатыр. Екібастұз көмірі 8500 теңге. Тиеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Ешқандай қиындық жоқ.
Өңірдің энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, аймақта 20-дан астам көмір сату орыны бар. Мәселен Майкөбе көмірінің тоннасы ауылдарға жеткізу құнымен есептегенде орташа баға 16 мың теңгеден аспайды - деп отыр.
Амангелді РҮСТЕМОВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда Павлодар облысы бойынша көмір тапшылығы жоқ. Баға қалыпты жағдайда. Және де көмір сататын орындарды ажиотаж немесе очередь дейміз ондай жағдайлар шығып жатқан жоқ.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Өңірде алып сатарлардың алдын кесу мақсатында арнайы коммиссия құрылыпты. Ол көмір бағасын негізсіз көтергендерді анықтап, лицензиясынан айырмақ. Әрі қомақты көлемде айыппұл да төлейтін болады - дейді, шенділер.
Ө. Қуанар