$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Кесірлі көршіден жәбір көрген алматылықтар "Nur Otan" партиясынан араша сұрады

AstanaTV
01.11.2019ж. 20:00
2546
Кесірлі көршіден жәбір көрген алматылықтар "Nur Otan" партиясынан араша сұрады

Алматыдағы ықшамдаудандардың бірінің тұрғындары баспахана жабылсын дейді. Олардың сөзінше, тұрғын үйлердің іргесіндегі бұл кәсіпорыннан тараған зиянды бу денсаулыққа зиян әкеп отыр. Баспахана бұдан екі жыл бұрын пайда болған. Содан бері жүрек ауруына шалдыққандар көбейіпті. Амалы таусылған тұрғындар кесірлі көршісінің үстінен шағымданып, құзырлы органдарға да барған. «Nur Otan» партиясының қалалық бөлімшесінен араша сұраған тұрғындар туралы, тілшіміз жалғастырады.

Павел Шутьев Медеу ауданында 70 жылдан бері тұрады. Бірақ соңғы екі жыл қарияға ауыр тиіпті. Флексографиялық баспахана іске қосылған күннен бері маза қашты, тіпті денсаулығы нашарлағанын айтып шағымданды.

Павел ШУТЬЕВ,  АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Баспаханадан шыққан бумен бірге түрлі бояу секілді зиянды заттардың ұсақ бөлшектері де таралады. Қытайлық желім еріткіш, этилоцитат та бар. Осының кесірінен күркілдеп жөтеліп, көзіміз жасаурайтын болды. Асқазаным ауыра бастады. Ал әйелім үш рет инсульт алды.

Зейнеткердің өзі де жүрек талмасына ұшыраған. Дағдарған қария арызданып әкімдік пен сот, прокуратураға да барыпты. Кейін тексеріс жүргізіліп, түрлі кемшіліктер анықталған. Енді баспахана қожайыны жауапкершілікке тартылмақ.

Айзат МОЛДАҚАСЫМОВА АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:


Бұл нысан тұрғын үйлерден кемінде 100 метр қашықта тұруы керек. Бірақ іс жүзіндегі алшақтық 8,50 метр ғана. Осыған байланысты іс әкімшілік сотқа жолданды. Кәсіпкерге жарты миллион теңге айыппұл салынды.

Ал баспахана өкілдері болса, бұл айыппен келіспейді.

Қымбат ДЕМЕУБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Біздің кәсіпорынның адамдарға зияны жоқ. Ешқандай улы зат таралмайды. Мекеме аумағында қалдықтар жоқ.

Бірақ кәсіпкердің бизнесі мүлдем тоқтатылуы мүмкін. Алматылық табиғатқорғау прокуратурасы қазір баспахананы жабу туралы істің қаралып жатқанын жеткізді. Қазір бұл мәселені «Nur Otan» партиясының мүшелері өз бақылауына алған.

Станислав КАНКУРОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ қ. ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Адамдардың денсаулығына зиян келгенін көріп отырмыз. Бірақ нақты не болғанын сараптама жұмыстары анықтап береді. «Nur Otan» партиясы бұл мәселені ақырына дейін өз жауапкершілігіне алады.

Партия мүшелері мен шенеуніктер бұл даудың жақын арада шешілетіндігін айтып сендірді.

Е. Карин