$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодар облысында жарысқа барған мұғалім ауруханаға жетпей көз жұмды

AstanaTV
05.11.2019ж. 20:00
2214
Павлодар облысында жарысқа барған мұғалім ауруханаға жетпей көз жұмды

Павлодар облысында жарысқа барған мұғалім ауруханаға жетпей көз жұмды. Оқиға Аққулы ауданының ең шалғай ауылдарының бірінде болған. Елді-мекенде медбике бар, дәрігер жоқ. Жедел жәрдем науқасты 100 шақырым жердегі аудандық ауруханаға жеткізбек болған. Жолдың да жайы мәз емес. Шалғайдағы ауылға барып қайтқан әріптесім Өзгеріс Қуанар тақырыпты тарқатады.

Қайғылы оқиға шалғайдағы - Майқарағай ауылында болған. Оқиға куәгерлері 25 жастағы тарих пәнінің мұғалімі жарыс кезінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалғанын айтты. Мектеп медбикесі алғашқы медициналық көмек көрсеткенмен, науқас есін жимапты. Ауыл медбикесі де шақыртылғанмен, ол көмек көрсете алмады. 

Жансұлу ЖАҚОВА,  МАЙҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ МЕДБИКЕСІ:


Мен ең аяғында келдім. Ең аяғында келгенде давлениесін мерить еткенде давланиесі болған жоқ, ноль болды. Пульсін мерить еткенде пульсін тыңдағанда пульсі де болған жоқ.

Медбикелер ауданға жеткізбек болып, жанталасқанымен, жас мұғалім жолда жан тапсырған. Аудан дәрігерлері науқастың жүрегі тоқтап қалғанын айтады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Әріптестерінің айтуынша, жас жігіт спортпен шұғылданғанды жақсы көрген. Оқиға болған күні ол Майқарағай мектебінде волейболдан өтіп жатқан аудандық жарысқа қатысқан. Алайда, ойын барысында оның басы айналып, өзін жайсыз сезіне бастапты. Сол жайсыздықтың соңы оның өмірін ауруханаға жетпей қиып кеткен көрінеді.

Ауыл халқы дәрігер жоқтығы мен жердің шалғайлығы өлімге себеп болды деп отыр. Өйткені, 200-дей тұрғыны бар елді-мекенде қазір 2 медбике ғана қызмет етеді.

Мейірхан УӘЛИХАНОВ, МАЙҚАРАҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Дәл осы жағдай да жауапкершілік қатты болды. Біздің медсестра мысалы бірдеңе істер алдында ауданға дәрігерлерге звандап, ақылдасады. Мынаны егейін бе, екпейін бе деп. Бұл белгілі бір уақыт болды. Уақыт көп кетті сол нәрсеге. Жолды енді өздеріңіз де көрдіңіздер қандай екенін. Дәрі-дәрмек керек, медпункт бәрі керек.Аптека деген нәрсе керек.

Марқұм Ильдар Уалитов - Жамбыл ауылындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет кеткен. Әріптестері оның жарысқа осы ауылдан аттанғанын айтты.

Қанат СҰЛТАНҒАЗИН, ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:


Өзіміздің мектебімізге өз мамандығы бойынша мұғалім болып қабылданды 2015 жылы. Содан бері осы мектепте үлкен жұмысын атқарды. Өзі профсоюздың басшысы болды. Біздің мектептен сайланды. Және де сынып жетекші болып жұмысын атқарды.

Ақтоты ИСАБАЕВА, ЖАМБЫЛ АУЫЛЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ҰСТАЗЫ:

Өте шығармашыл мұғалім. Ешқашан ешкімге ренжімей, өз жұмысында өзін көрсете білді. Сыныбы болды. Сыныппен оқушылармен ата-аналармен әріптестермен әрдайым жақсы жүзде қарым-қатынас өте жоғары деңгейде болды.

Марқұмнның соңында ата-анасы мен жұбайы және 1 жасқа да толмаған кішкентайы сәбиі қалыпты.  Әріптестері  оның 10 қарашада 26 жасқа толған туған күні мен сәбиінің 1 жасын тойламақ  болғанын жеткізді. 

Ө. Қуанар