Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Теміртаулық етікші протезге ақша жинап жатыр

AstanaTV
06.11.2019ж. 20:00
2507
Теміртаулық етікші протезге ақша жинап жатыр

Теміртаулық мүгедек өзіне қажет протезді алу үшін, етікшілікті үйренген. Өндірістік жарақаттан  аяғынан айырылған Виталий Саврей қазір аяқ киім жөндейтін шағын дүңгіршек ашқан. Тұрақты табыс тауып, тіпті шәкірт тәрбиелеп жүр. Қиындыққа мойымаған шебер жайында Айжан Қуаш әңгімелейді. 

26 жастағы Виталий жалдамалы пәтерінен жұмысына асығып келді. Өйткені аяқ киім жөндететіндер көп. Ал, ол үшін әр күндік табыс маңызды. Мақсат - протез алу. Айтуынша, 2012 жылы Ақтау кентіндегі цемент зауытында жарақат алған. Жұмыс берушіден өтемақы талап етіп, осы күнге дейін соттасқанмен, қайыр болмағанын жеткізді. Протезге қажет 4 млн теңгегі жинамақ болып, етікшілікті үйренген. 

Виталий САВРЕЙ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғашында өзімді қоярға жер таппадым. Соттасам деп уақытымнан, азын аулақ ақшамнан да айырылдым. Содан денсаулығыма қолайлы бір іс бастайын деп, 4-5 жыл аяқ киім жөндеп үйреніп жүрдім. Ақыры осы шағын дүңгіршекті сатып алып, кірісіп кеттім. Айына 100- 150 мыңдай табамын, оған да шүкір. Тұрмыстан асқанын протезге жинап жатырмын. Аяғымнан тік тұрсам пәтер сатып алсам дегендей талай жоспар бар.

Қайсар жігіт биыл «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен мемлекеттен жарты млн теңгені ұтып алған. Бұл қаржыға аяқ-киімнің табаны мен өкшелерін қиятын қондырғы, тігін машиналарын алыпты. Осының арқасында өзі сияқты кембағалдарды етікшілікке үйретіп жүр.

Александр КУЛИКОВ, ЕТІКШІ:

Мен де үшінші топтағы мүгедекпін. Отбасым, екі кішкентай ұлым бар. Сондықтан оларды асырау керек. Қарап жатқаннан не пайда? Мұнда күнделікті табыс табасың.

Ал тұрғындарды Виталийдің еңбекқорлығына өзге, етік дүңгіршегінің «Ішпейтін етікші» деген ерекше атауы қызықтырады.

Александр ШТОРИХ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Ойнақы атау, қалжыңы жарасымды жігіт екені көрініп тұр. Әрі қымбат етігіңді ішімдікке әуес етікшіге қалай тапсырасың? Масайып алып сатып жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл етікшінің жауапты маман екені көрініп тұр. Осы маңайда ел мақтайды, ғаламторда да жақсы пікірлер қалдырыпты.

Балдаққа сүйенген Виталийдің жоспары көп. Аяғына протез салдырумен бірге шағын аяқ киім мен былғары бұйымдар цехын ашуды да жоспарлап қойған. Ондағы мақсаты өзі секілді қиын жағдайға тап болғандарды жұмыспен қамту. 

А.  Қуаш