Қостанайлық полицейлер екі жүз мың еуродан астам ақшаны жымқырып, шетел асып кеткен банк қызметкерін іздестіріп жатыр. Құзырлы орындар күдікті "Еуразиялық банкінің" Жетіқара филиалында директоры болғанын хабарлайды. Полиция департаменті қылмыстық кодекстің 189 бабы 4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Олар күдікті 12 қарашада Ресей аумағына өтіп кеткені анықталыпты. Сақшылар қомақты қаражатты арқалап кеткен директордың ізіне түскенін мәлімдеді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
«Сеніп тапсырған мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Аталған қылмысты жасады деп банк қызметкері күдікке ілікті. Ол өзіне сеніп тапсырылған 87 миллион теңгені ұрлаған.
Еуразиялық банк өкілдері Жітіқара филиалынан ірі көлемде ақша ұрланғанын және қызметкердің күдікке іліккенін растады. Оған қоса ресми түрде клиенттердің қаражатына нұқсан келген жоқ деп мәлімдеді.
Лариса КОКОВИНЕЦ, БАНКТІҢ КОММУНИКАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:
Өкінішке орай, Еуразиялық банктің қызметкері күдікке ілікті. Тергеуге байланысты басқа ақпарат айта алмаймыз. Банк клиенттерінің қаражатына нұқсан келген жоқ. Мұны ресми түрде мәлімдегім келеді.
З. Санай