$474.26 €514.48 ₽5.43
×

Алматыда тек бағалы көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

AstanaTV
12.10.2017ж. 20:00
2362
Алматыда тек бағалы көліктерді ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды

Алматыда тек бай-бағландар мінетін көліктерді ұрлап әкетумен айналысқан қылмыстық топ әшкере болды. Қалалық ішкі істер департаментінің ізкесушілері оларды көптен бері аңдыған. Жақында он бір адамнан тұратын бауксепелер тобы ақыры құрықталған. Олардың қатарында әйел адам да болған.

Күдіктілер жымысқы әрекетті жүзеге асыру үшін міндеттемелерді өзара бөлісіп алған. Полицейлердің айтуынша, олар көлік иесін аңдып, оның тұратын мекенжайын анықтау, ұрланған көлікті сату және одан түскен қаражатты бөлетін есепшіні тағайындаған. Қыркүйек айында олар «Тойота Ленд Крузер 200» маркалы 2 авомашинаны ұрлап, оны өзгеге сатып жатқан жерінен құрықталыпты. Қымбат көліктің ұрланғанын біле тұра, 13 мың АҚШ долларына сатып алған азамат та анықталды. Полиция тергеу барысында олардың қанша көлікті ұрлап, сатып үлгергенін дәлелдейтін айғақтар іздеп жатыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

Қазіргі таңда бәрі құрықталды. Оның екеуі былтыр екеуі Алмалы ауданында ұсталған болатын. Олар дәл осындай қылмыспен ұсталған. Олар Лексус 570 көлігін ұрлап әкеткен еді. Олар 5 жылға шартты түрде сотталғанымен, одан еш сабақ шығармаған.

Қазір күдіктермен бірге ұрланған элиталық көлікті сатып алмақ болған адам да қамауға алынған. Ал қымбат маркалы автокөліктер сот шешімінен соң, иелеріне қайтарылмақ. Криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілердің көлікті қашықтан ашып, оны ұрлауға мүмкіндік беретін құрылғыны шетелден сатып әкелгенін анықтаған.