Оралда тағы да жол апаты. Бұл жолы да жаяу жүргіншілер жолағында 10 жастағы қыз бала жүйткіген көлік астына түсіп қаза болды. Ал, көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Ал оралдық шенеуніктер апат болған жерге іле-шала жарық бағанын орнатуға кірісті. Еркін Карин жалғастырады.
Он жастағы Айару кешкісін әжесімен бірге жаттығудан келе жатқан беті. Бірақ жүйткіген көлік қызғалдақ ғұмырды қыршынынан қиды. Қаршадай қызды мерт қылған "Ауди А6" көлігінің жүргізуші сол бойда ізін суытыпты. Қала бойынша дәл осындай 700 көлік тіркелген. Дүрліккен полиция күдіктіні түнімен іздеп, ақыры қала шетіндегі саяжайда жасырылған жерінен тапты. Күдікті кінәсін мойындағысы келмегенімен, қамауға алынып, екі бірдей қылмыстық іс қозғалды.
Манарбек НӘЖИЕВ, БҚО ПД ЖПҚ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бірінші берген түсініктемесінде менің автокөлігімді белгісіз адамдар айдап кетті, ұрлап кетті деген. Бірақ жинақталған дәлелдемелерге сәйкес, бұл факті бойынша бұл кісіге көрсеткен жағдайда ол жол-көлік оқиғасына қатысы бар екендігін, сол жол-көлік оқиғасын жасағанын мойындады. Қаққаннан кейін қорқып кеткенін атап көрсетті.
Әселдің 9 сыныпта оқитын қызы Асылды екі апта бұрын көлік қағып кеткен. Бірақ күдікті әлі табылмапты. Миы шайқалып, аяғы сынған жасөспірім өздігінен қозғала алмайды. Оқуын үйден жалғастыруға мәжбүр. Ал анасы кінәлінің табыларынан үмітін үзген.
Әсел ЖҰБАЕВА, ТҰРҒЫН:
Көше толған камера. Менің қызымды қағып кеткеніне 15 күн болды. Полицейлердің де камерасы бар, тіпті дүкендер мен жолдарда да бар, үйлерде де. Ал солар неге дұрыс қаралмайды? Неге істемейді? Бізді тіпті ешкім іздеп көлген жоқ. Қызымның халі өте нашар деп айта алам. Маған кешіріңіз деп келіп алдыма, балаға көмегін тигізсе, мен мүмкін кешірер едім.
Айта кетейін, жыл басынан бері аймақта жол апатынан 90 адам көз жұмған. Олардың ішінде жолды кесіп өтем деп бақилық болғандары да бар. Әсіресе түнде жолдағы адамды көру қиын. Өйткені қаладағы жаяу жүргіншілер жолағы маңында жарық шамдары орнатылмаған.
Миржан НҰРТАЗИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
2020 жылы қаламызда 15 мыңның үстінде жарық нүктелерін ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Бұл 15 мың жарық нүктелері светодиодты жарықшамдарға ауыстыратын боламыз. Ескі үлгідегінің барлығын біз алынғаннан кейін қаладағы жарығы жоқ көшелерге қондырылатын болады.
Бұл іске шаһар бюджетінен 1 миллиард теңге бөлінбек. Қазір қаладағы жаяу жүргінші жолағының 11-і аса қауіпті екені анықталған.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Бүгінде солардың төртеуіне жарық орнатылған, қалған жетеуін келер жылы аяқтау жоспарланыпты. Ал Айаруды қыршынынан қиған жаяу жүргіншілер жолағына бүгін жарық бағаны орнатыла бастады. Шенеуніктер бұл көшені түгелдей келесі жылы жарық жүргіземіз деп сендірді.
Е. Карин