$514.94 €583.74 ₽6.13
×

Сапасыз өнім

AstanaTV
21.11.2019ж. 20:00
2982
Сапасыз өнім

Алматыда сапасыз азық-түліктен уланғандар саны екі есеге артты. Қаладағы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті осылай деп дабыл қағып отыр. Биыл денсаулыққа зиянды, сақтау мерзімі өтіп кеткен өнімдерді пайдаланып, уланған тұтынушылардың саны бес жүзден асқан. 

Алматылық азамат Рахымжан осыдан бірнеше күн бұрын қаладағы азық-түлік дүкендерінің бірінен шұжық сатып алып, күлімсі иістен бірден күдіктенген. Дүкенге барып, тауар өндірушілеріне хабарласқан. Телефонның ар жағындағы жауапты кәсіпорын өкілдері болса, ондай жағдайлар болып тұратынын айтып, ақшасын қайтарып беруді уәде еткен.  

Рахымжан ӘУБӘКІРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Кішкентай балалар жеп қойса, ертең уланып қалса, деген сияқты оларға айттым. Сосын маған тасымалдаушының өзі хабарласып. Сізге он шұжықтың ақшасын берейін деді. Сосын мен айттым, қажет емес, деп. Тек өзіңіздің жұмысыңызды жақсылап атқарсаңыз болды, деп жауап бердім. Сол дүкеннен Новая деген шұжықтың екіншісін ашып көрдік. Тексеріп көрген кезде солай нашар болып шықты. Иісі мүмкін емес.

Алматыдағы тауар сапасын, қауіпсіздігін бақылау департаменті мамандарының айтуынша, статистика өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Жыл басынан бері үш мың түрлі өнім тексеріліп, 60 пайызы жарамсыз деп танылған. Яғни, сақтау мерзімі өтіп кеткен немесе мүлдем сапасыз өнімдер саудаланыпты.  

Айзат МОЛДАҚАСЫМОВА, АЛМАТЫ Қ. ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫН, ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Жыл басынан бері 523 адам сапасыз өнімнен зардап шеккен. Оның 60 пайызы бала. Арыздардың көбі базарлардағы тауарларға тиесілі. Өйткені, қала тұрғындарының 80 пайызы базардағы өнімдерді тұтынады.

Тамара УТАҒАНОВА, АЛМАТЫ Қ. ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРХАНАСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: 

Мысалы біздің халықта бір ой бар, егер тамақты тоңазытқышта ұстасам уланбаймын, деген. Жоқ, біздің кейбір қоздырғыштар тоңазытқышта да өсе береді. Ол жерде өнімдердің бір-бірімен көршілігін сақтау қажет. Мысалы, еттағамдарын нан тағамдарының, сүт тағамдарының қасында сақтауға болмайды.

Сауда орталықтарды да талапты жиі бұзады. Сапасыз өнім сатқан 208 дүкенге 23 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған. Ісі сотқа жетіп, жұмысын тоқтатқандары да бар. Сауда орындарынан бас-аяғы 16 тонна сапасыз өнім тәркіленіп, жойылған.  

А. Кемелжан