Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жоғалып кеткен Артур балалар үйінің тәрбиешілерінен таяқ жегенін әжесіне айтқан

AstanaTV
22.11.2019ж. 20:00
3530
Жоғалып кеткен Артур балалар үйінің тәрбиешілерінен таяқ жегенін әжесіне айтқан

Алматыда 11 жастағы балалар үйінің тәрбиеленушісі жоғалып кетті. Артурды полиция мен еріктілердің іздеп жатқанына 5 тәуліктен асты. Әжесі болған жайтқа балалар үйін кінәлайды. Немересі таяқ жейтінін айтып шағымданған. Ал, "Жанұя" мекемесі басшыларының өз уәжі бар. Тараптарды тындаған әріптесім Аршын Кемелжан жалғастырады.  

Тағдыр тәлкегімен Артур қаладағы «Жанұя» балалар үйіне, биыл қаңтар айында келген. Анасы қайтыс болған соң, қарт әжесінің оны қарайтын қауқары болмаған көрінеді. Бірақ қария заңды мекемелердің рұқсатымен демалыс күндері немересін алып кетіп жүріпті. Жексенбі күні Артур балалар үйіне қайтып оралмаған соң, мекеме полицияға хабар беріпті.  

Ләззат КҮЛСАРИНА, АЛМАТЫ қ. "АРНАУЛЫ «ЖАНҰЯ» КЕШЕНІНІҢ" ДИРЕКТОРЫ: 

Апасы келіп, жұма, 15 күні кешке жақын келіп, тәрбиешінің қолына «мен баланың өміріне, қауіпсіздігіне жауап беремін» деп келісім-шарт бар, алуға құқығы бар, алып кеткен баланы. Содан 17 күні кешке алтыда алып келу керек болатын. Әкелмеген соң тәрбиеші хабарласып сұраған. Сонда айтқан, бала кетіп қалды. Дүкенге жұмсап едім келмеді, деп.

Артурдың әжесі тек телефон арқылы ғана сұқбат берді. Зейнеткер немересінің жоғалып кеткеніне балалар үйін кінәлайды. Соңғы уақытта «Жанұя» кешеніне барғысы келмейтінін жиі айтатын еді. Оның үстіне осы жолы келгенде денесінің көгеріп қалғанын байқапты.   

Нина ФЕДЕРОВА, А.ФЕДЕРОВТЫҢ ӘЖЕСІ: 

Жұма күні үйге келгенде денесінде көгерген іздерді көрдік. Тәрбиешілер ұрысады, сызғышпен ұрады, деп жылады. Қайтып бармаймын деп айтқан болатын.

11 жастағы Артурдың қайда екенін ешкім білмейді. Оны іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бірақ, нәтиже жоқ. Құқық қорғаушылар оның бұрын да жоғалып кетіп, қайта табылғанын жеткізді.   

Ләйлә ӘЛІПБАЕВА, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Бұл бала «Жанұя» үйінің тәрбиеленушісі. Бұрын да осындай кетіп қалған жағдайлары бар бала. Іздеу жұмыстары жүргізілуде. Қалалық ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен іздеу шарасы жүргізіліп жатыр. Оған қоса еріктілер де іздеу шарасына қатысып жатыр.

«Жанұя» балалар үйінде қазір 72 жетім бар. Бірақ, соңғы бес жылда мұндай оқиға болмаған.  

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ: 

Құқық қорғаушылардың дерегінше Артур бұл орталыққа келмес бұрын қайыр сұраумен айналысқан. Ол Түрксіб ауданында «ауырып жатқан әжесінің дәрісіне ақша керек» деп алақан жайыпты. Аталған аудан жұртшылығы жақсы таниды деді. Дейтұрғанмен 5-ші күнге ұласса да іздестіру жұмыстары әзірге нәтиже бермей тұр.

Жаңа ғана келіп түскен ақпарат. Алматылық полицейлер жоғалып кеткен Артур Федеровтың табылғанын хабарлайды. Айтуларынша бала аман-есен. 5 тәуліктен бері іздестіріліп жатқан балалар үйінің тәрбиеленушісі қала көшелерінің бірінен кездейсоқ кетіп бара жатқан жерін ұсталған. Оның не үшін кетіп қалғанын құзырлы органдар анықтауға уәде етті. 

А. Кемелжан