Қостанайда тағы бір тас жүрек ана жаңа туған баласын қоқыс жәшігіне тастап, із жасырды. Әйелді полицйелер әлі іздестіріп жатыр. Кіндігі кесілмеген нәрестені кір-қоқыстың арасынан аула жинаушы тауып алған. Куәгердің айтуынша сәбидің денесі әуелі қара сөмкеде жатқан көрінеді. Сөмкені сол маңдағы кезбелер алып, шақалақтың мәйітін темір жәшікке салып кеткен. Жантүршігерлік оқиғаның жалғасын Заңғар Санай жеткізеді.
Жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан жантүршігерлік жайт қарашаның жиырма үші күні болған. Шақалақтың мәйіті Аэропорт шағын ауданындағы дәл мына қоқыс жәшігінен табылған. Генадиий Леонов сол күні таңғы сағат он жарым кезінде ауладағы қарды тазартуға кіріскенін айтады. Аула жинаушыға тұрғылықты мекен жайы жоқ жандардың бірі жақындап, қоқыс жәшігінде «қуыршақ» жатыр деп хабарлапты. Сұмдық көріністі есіне алған Леоновтың көңілі босап, көзіне жас іркілді.
Геннадий ЛЕОНОВ, АУЛА ЖИНАУШЫ:
Жәшікке жақындап келсем нәрестенің аяқтары шығып жатыр екен. Дорбаның аузын ашқанымда жаңа туған шақалақты көрдім. Бейкүнәнің кіндігі де кесілмепті. Дереу диспетчер жаққа жүгірдім.
Тұрғындар дереу жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Жедел жеткен дәрігерлер қоқыс контейнерінен табылған нәрестеге реанимациялық шаралар қолданыпты.
Ксения БАРАБАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Нәрестенің мәйіті қоқыс жәшігінде кемінде бір сағаттай жатқан. Ұл бала. Кіндігі кесілмеген. Жолдасы да бірге жатыр екен.
Сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған полицейлер жақын маңдағы бейнекамера жазбаларын түгел түгендеп, тұрғындардан сұрастырып шығыпты. Кинологтар жұмылдырып, безбүйрек ананың ізіне иісішіл иттерді де салған. Әзірге табылған жоқ.
Нұрлан АРЫСТАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Істің мән-жайын және нәрестенің анасын табу бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері нәрестенің мәйіті табылған жерде орналасқан үйлерді тексеріп, тұрғындарды сұраққа алып, іздестіруге кинологтардың көмектері қолданды. Іс Қостанай облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Шақалақтың денесі мәйітханаға жеткізілді. Нәрестенің қашан және неден қайтыс болғанын арнайы тағайындалған сараптама қорытындысы анықтамақ.
З. Санай