Өңірлерді дамытуға қыруар қаржы бөлінеді. Ал жасалып жатқан жұмыс көрінбейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының аймақтарды дамыту жөніндегі жиынында осылай деді. Соңғы 10 жылда өңірлердің әлеуетін арттыру үшін 5 триллиондай бөлінген. Енді бұл бағыттағы жұмыстарға қадағалау күшейтіледі. Жиында бұдан өзге тұрғын үй, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды. Әлихан Асқарұлы жалғастырады.
Жиында көтерілген басты мәселе - халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта 2025 жылға дейін ел бойынша 1 миллион пәтер салынуы тиіс.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жергілікті жерлердегі жұмысты жүйелі жолға қою - партияның негізгі міндеті. Яғни жұртшылықпен тікелей байланыс орнату, олардың мәселесін шешу, осыған тиісті шенеуліктерді тарту, бұл - партияның да облыс, аудан, қала әкімінің де мойынындағы шаруа.
Табиғи ресурстар азайып келеді. Сондықтан Елбасы шет елден инвистиция тартып, кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін атап өтті. Бұдан өзге шағын ауылдарды біріктіру, ондағы тұрғындарды қалаға көшіру ұсынысы да қаралды.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бізде 7,5 мың тұрғынды мекен бар. Ішінде 10 шақты үйі де бар, 5 үйі де бар. Кең байтақ далада қазақтың ана таудың баурайында біреу, мына бұтаның, төбенің түбінде біреу жатқан. Оның барлығына біз жол апара алмаймыз. Оларды көшіріп алған тиімді.Олар неге одан қашады? Егер де мына жерге көшсең, барлығы болады. Балаға мектеп болады, өзіңе аурухана болады деп.
Келер жылы аймақтарды дамыту ісіне жастар да тартылады. Өйткені, олар өңірдегі жағдайға қанық және мәселені шешуде қолғабыс ете алады.
Мәди АХМЕТОВ, АЛМАТЫ қ. «JAS OTAN» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Әр салада жұмыс жасап жүрген жастардың бастарын біріктіріп, сол жердегі өзекті, шешілмей жүрген қиын мәселелерді, яғни қолжетімді баспананы қалай жұмысын жақсартуға болады? Баспаналардың санын көбейтуге болады, - деген іспетті сұрақтардың жауабын іздеп, сырттай тон пішпей, керісінше сол жерге барып, сол кәсіпорындарға, жұмысшы жастарға барып, сол мәселелерді талқыға салып, сол бойынша нақты шаралар қолданатын қазір жергілікті жерлерде жүзеге асырып жатырмыз.
Анар АХМЕТОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЖУАЛЫ АУДАНДЫҚ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Партиның кадрлық резервіне іріктеу жұмыстарын үлкен табыспен аяқтадық. Партияның талаптарын, партияның қызметтерін дұрыс орындай алмай жүрген азаматтардан да біз бұл уақытта қатарымызды тазалап жатырмыз.
Жиында партия міндеттерін орындауда белсенділік танытқан азаматтар төсбелгімен марапатталды.
Әлихан АСҚАРҰЛЫ, ТІЛШІ:
Жиын қорытындысы бойынша Елбасы Н.Ә. Назарбаев өңірлердегі индустралды аймақ жұмысын жетілдіру, сондай-ақ аймақтардағы «Nur Otan» партиясы филиалдарының өкілеттілігін арттыру туралы нақты тапсырмалар берді.
Ә. Асқарұлы