$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Nur Otan" партиясының қатары тағы толықты

AstanaTV
29.11.2019ж. 20:00
3442
"Nur Otan" партиясының қатары тағы толықты

"Nur Otan" партиясының қатары тағы толықты. Тұңғыш Президент күні қарсаңында 10 азаматқа салтанатты билетті партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өзі табыстады. Саяси ұйыммен бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдіргендердің қатарында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен Арыстағы жойқын жарылыстан 80 баланың аман алып қалған Асқар Әбдіхалық та бар.

19-жастағы Асқар Әбдіхалық Арыста әскери қойма өртке оранғанда ерлік танытып, көзге түскен. Шағын автобус жүргізушісі болып қызмет еткен ол, бүтін қаланы от шарпығанда бірден бала-бақшаға қарай беттеген. Ондағы 80 бүлдіршінді көлігіне  отырғызып, қала сыртына шығарыпты. Асқарды мұндай ерлігі үшін Президенттің өзі марапаттап еді. Ал бүгін жас жігітті партия құрамына қабылдады. 

Асқар ӘБДІХАЛЫҚ, АРЫС ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Абай Құнанбаев атамыз айтады ғой. «Сенде бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» деп. Сондықтан кішкентай болса, да аз да болса, Қазақстанға өз пайдамды тигізсем екен, көмектессем екен деген ниетпен кірдім.


«Әр әзілдің астында бір шындық бар. Бірақ менің шындығым биліктің құлағына жетпей қалып жатады» деген Тұрсынбек Қабатов та партияға мүше болуға бел буған. Ол енді халықтың мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайтынына сенімді.

Тұрсынбек ҚАБАТОВ, ӘЗІЛКЕШ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазіргі таңда елді кім жаманадаса, сол батыр болып есептеліп жатыр. Фейсбукта басқа да әлеуметтік желілерде. Мен олардың қатарында болғым келмейді. Тәуелсіз еліміздің партиясында жүріп, ел үшін қызмет атқарған мен үшін үлкен бақыт.

Тұңғыш Президент күніне орай жаңадан қабылданған нұротандықтардың қатарында ұстаз, дәрігер, спортшы, кәсіпкер, қоғам белсендісі мен БАҚ саласының өкілдері де бар. Саяси ұйым төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек елдің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтарға ендігі артылған жауапкершіліктерін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Бауыржан БАЙБЕК, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Келе жатқан біздің ұлы мерекеміз ҚР тұңғыш президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы сөзінде бір жақсы айтып кетті. Осы аз уақыттың, ширек ғасырдың ішінде 100 жылға татитын істер жасап тастадық деп. Енді шын мәнінде ол солай. Енді сіздер бүгін жеке шешім қабылдап, партияға кіретін болсаңдар, тікелей Елбасының әріптестері боласыңдар.

Бүгінде "Nur Otan" партиясына 90 000 адам мүше болса, соның 30 пайызы дәрігерлер. Партия Елбасының тапсырмасымен саяси ұйымды қайта жаңғырту бағытындағы жұмыстарды қарқынды жүргізіп келеді. Сондықтан партия құрамы қоғам белсенділерімен әлі де толығатыны заңдылық. 

А. Мүтәлі