Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қызылжарда құрылыс компаниясының жұмысшылары бір жылдан бері жалақысыз отыр

AstanaTV
04.12.2019ж. 20:00
3686
Қызылжарда құрылыс компаниясының жұмысшылары бір жылдан бері жалақысыз отыр

Қызылжарда құрылыс компаниясының жұмысшылары бір жылдан бері жалақысыз отыр. Қаржылық қысылтаяңға тап болған кәсіпорын былтыр қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Осының салдарынан серіктестіктің қарамағындағы нысандардың құрылысын жүргізген 300-ге жуық маман еңбекақыдан қағылып қалды. Жұмысшылардың мүддесін кім қорғайды? Жергілікті билік неге қарекетсіз отыр? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тараптармен кездесіп, мәселенің қисынын табуға тырысты.

Казградстрой компаниясына қатысты дау былтырдан бері шешілмей келеді. Бес бірдей тұрғын үй кешенін тұрғызып жатқан серіктестік ішкі ұрылардың кесірінен қаржылық қысылтаяңға тап болып, тұралап қалды. Кәсіпорында бас-аяғы 300 жуық адам жұмыс істеген. Оның басым бөлігі келісім-шартпен қызмет етіпті. Бүгінде алпауыт компанияның өз жұмысшылары алдындағы берешегі 50 миллион теңгеден асады. Бір жылдан бері талай табалдырықты тоздырған құрылысшылар терлеп тапқан ақшасын қалай қайтарарын білмей дағдарып отыр.

Қайрат АХМЕТОВ, ДӘНЕКЕРЛЕУШІ:

Мен дәнекерлеу бригадасында жұмыс істедім. Компания маған 460 мың теңге қарыз. Қала мен облыс басшылығына, еңбек инспекциясына жолықтым. Бірақ бәрі қамсыз отырған сияқты. Бір жылдың ішінде маған 23 мың теңге ғана қайтарылды.

Марат МУСИН, ТАС ҚАЛАУШЫ:

Біздің бригада кірпіш қалаумен айналысты. 20 адамнан тұратын бригадаға кәсіпорын тоғыз жарым миллион теңге қарыз. Қолымызда бүкіл құжаттар бар. Сот орындаушылары борышты өндірумен айналысып жатыр. Бірақ нәтижесі шамалы.

Казградстрой компаниясының өкілдері өз мүлкіне қол жеткізе алмай отырғандарын айтады. Құрылыс тоқтағаннан кейін әкімдік кәсіпорынның бүкіл техникасы мен материалдарын тәркілеп алды, дейді олар. Енді тығырыққа тірелген компания қалалық әкімдіктен бұрынғы қарызын өндіріп алмақ.

Юлия ДУПЛЯНКИНА, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Казградстрой компаниясы мемлекеттік бағдарламаға енген «Қызылжар 2» және «Трио 2» тұрғын үй кешендеріне арналған жобалық сметалық құжаттаманы өз қаражатына жасады. Қос жобаның құны 200 миллион теңгеден асады. Сот бұл құжаттардың компанияға тиесілі екенін растады. Енді біз оны сот арқылы емес, жеке медиаторлар арқылы өндіретін ойымыз бар. Бірақ қалалық әкімдіктен әзірге жауап жоқ.

Билік өкілдері болса, қазір аталған құрылыс компаниясын тірілтумен емес, жұмысшылардың қарызымен айналысып жатқандарын жеткізді. Шенеуніктер құрылыс компаниясының жеке мүлкін аукционға шығармақ.

Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Казградстрой компаниясы екі жобалық сметалық құжаттаманы әкімдікке сыйға тартты. Бүкіл актілер қолымызда бар. Енді олар бұл ойынан айнып, құжатты қайтарғысы келеді. Жалпы, жұмысшылардың жалақысын қайтару үшін біз құрылыс компаниясының жеке меншігіндегі 3 гектар жерді сату керек деген шешім қабылдадық. Қазір инвесторды іздестіріп жатырмыз.

Ал тәуелсіз сарапшы Анатолий Жицкийдың пайымдауынша, жұмысшылармен есептесу үшін кәсіпорынның банкте кепілдікте тұрған мүлкін қолдануға болады. Ол үшін сот орындаушылары қысылмай жұмыс істеу керек деп санайды тәжірибелі адвокат.

Анатолий ЖИЦКИЙ, АДВОКАТ:


Екінші деңгейлі банктерде құрылыс компаниясына тиесілі бірнеше пәтердің кепілдікте тұрғаны белгілі. Бұл жылжымайтын мүлікті күрделі механизм арқылы сатып, жұмысшылардың жалақысын қайтаруға болады. Бірақ бұл ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс. Бес айға дейін созылуы мүмкін. Сот орындаушылары отырмай, барлық амалдарды қолдануы тиіс.

Қазір билік тарапының бастамасымен құрылыс компаниясын банкрот деп жариялау жұмысы басталды. Бірақ Казградстройдың жетекшілері бұған қарсылық білдіріп отыр. Олар қаржылық қыспақтан шығып, құрылысты қайта жалғастыруды діттеп отыр.

А. Құрманкин