Түркістан облысында мектеп оқушылары арасындағы кикілжің соңы суық қару жұмсаумен аяқталды. 10 - сыныптың баласы көрші мектептегі қатарласының басына пышақ салып алған. Сұмдық жағдай Жетісай қаласында тіркелген. Бас ми жарақатын алған оқушы қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. Күрделі операциядан соң беті бері қарай бастаған науқас бүгін палатаға шығарылыпты.
Тимур БЕГМАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕЙРОХИРУРГІ:
Басының сол жағына қатты зат тиген. Миының ішіне еніп кеткен ол зат. Миының ішіне гематома. Сүйегінің астында гематома, миы езілген. Оның бәрі алып тазаланып, операция жасалынды. Операция өте ауыр болды. Бірақ баланың жағдайы оған қарамастан қазір дұрысталып келе жатыр.
Екі оқушы арасындағы кикілжің сабақтан тыс уақытта болған. Пышақ сұғып алған жеткіншек Дінмұхамбет Қонаев атындағы мектеп- лицейінің оқушысы. Ол аталған мектепке биыл ғана ауысып келген. Мектептегілер өз оқушысын ақтап та, даттап та отырған жоқ. Жасөспірім сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды.
Ермек ҚОЖАМҚҰЛОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Кәмелет жасына толмаған азаматқа күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Жасөспірім ҚР қылмыстық кодексінің 24 бабының 3 бөлігімен және 99 баптың 1 бөлігімен айыпталып отыр.
А. Торебекқызы