Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Арал ауданына қарасты Тастақ елдімекеніндегі 30-ға жуық оқушы мектепке 8 адамға арналған ескі көлікпен қатынап жүр

AstanaTV
10.12.2019ж. 20:00
3792
Арал ауданына қарасты Тастақ елдімекеніндегі 30-ға жуық оқушы  мектепке 8 адамға арналған ескі көлікпен қатынап жүр

Қызылорда облысы, Арал ауданы Қаратерең ауылынан 4 шақырым жердегі Тастақ елдімекені оқушыларының мектепке қатынуы мұң. Редакцияға хабарласқан ауыл тұрғынының айтуынша, 30-ға жуық оқушы күн сайын мектепке 8 адамға арналған ескі көлікпен қатынайды. Көліктің тарлығынан балалар түрлі дене жарақатын алатын көрінеді. Сан-саққа сабылған ата-аналар жыл сайын аудан әкімдігіне шағымданады. Алайда көңілге медеу болар жауап ала-алмай дал.

Ғалия БАЙТӨРЕЕВА, ҚАРАТЕРЕҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Қазіргі кезде 8 орындық таблетка жүреді. Оған бізде 26 бала отырады, сыймайды. Менің қызымның мектеп оқып жатқанына 9 жыл болды. 9 жылдан бері аудан әкіміне, ауыл әкімі бәрі хабардар. Ешқандай нәтиже жоқ. Біреуінің басы, бірінің аяғы жараланып келеді күнде. Мүмкін болса көмектессеңіздер.

Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА - ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Дәл қазір осы мәселеге жауапты  Қызылорда облысы, Арал аудандық білім бөлімінің басышсы Санира Жанназарова бізбен байланысқа шығып отыр. Санира Нұрқожақызы балалардың мектепке қауіпсіз қатынау мәселесі неге шешілмей отыр?


Санира ЖАННАЗАРОВА, АРАЛ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл мәселе біздің жеке қарауымызда. Бірнеше жылдан бері аудан әкімінің қарауында тұр. Аудандық бюджеттен бөлек, үкіметтік емес ұйымдарға да хат жолдап, мәселені шешкіміз келген. Бірнеше ұйымдар да уәде берген. Енді 2020 жылдың қаңтар айында 42 орындық автокөлік беруді жоспарлап отырмыз.


Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА - ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Жұрт "келер жылы беріледі" деген уәдеден шаршадық деп отыр. 9 жылғы мәселені осы 2 аптада шешілетініне сенімдісіздер ме?


Санира ЖАННАЗАРОВА, АРАЛ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Бұл міндетті түрде шешіледі деп отырмыз. Себебі ауданның жылдық бюджетіне енгізілді. Ал, 9 жылдан бері мектепте екі автокөлік жұмыс жасады. Кеше қараша айында екінші автокөлік істен шықты.

Ләйла ҚАЗИАҚПАРОВА, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Студиямен байланыста болған Қызылорда облысы, Арал аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова. Бүгінгі уәдеңізді біз де бақылауда ұстайтын боламыз. Сұхбатыңызға рахмет! Қымбатты көрермен, сізді де алаңдатқан мәселе болса, хабарласыңыз! Біз сізбен бірге жауабын іздейміз. Егер заңсыз оқиғалар мен төтенше жағдайлардың куәсі болсаңыз, экранда көрсетілген нөмір арқылы хабарласып, видео немесе аудио жолдасаңыз болады.

Ғ. Өтемісов