Ақтөбеде Бұтақ өзенінің арнасын ашып, жағасын кеңейту үшін жағалаудағы ағаштарды кескендерге қатысты сот отырысы басталды. Олар тіпті қызыл кітапқа енген қара қандыағаш пен күміс теректерді отаған көрінеді. Тақырыпты Бақыт Рахметова сабақтайды.
Бұтақ өзенінің арнасын ашу жұмыстары биыл қаңтар-ақпан айларында жүргізілген. Мердігер мекеме «Ақжар -1» ауылынан бастап Қарғалы өзеніне дейінгі аумақты тазатуы тиіс болған. Бірақ жобалық сметалық құжатта жағалаудағы талдарды кесу көрсетілмепті.
Әсел УТЕНОВА, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:
«Берекелді» ЖШС директоры Юсиповтың тікелей нұсқауымен атқарылған жұмыс нәтижесінде күміс теректердің 37 түбі, ал жойылып кету алдында тұрған қара қандыағаш ағашы заңсыз кесілген.
Жағасы жұмақтай болған Бұтақ өзенінің жағалауындағы халық сол кезде-ақ мердігерлердің бүкіл өсімдік атаулыны тамырымен қопарып тастағанын айтып, шағымданған еді. Оның ішіне қызыл кітапқа енген теректермен қатар жеміс -жидек ағаштары, жайқалған теректер мен гүлдер де болған. Ол жерде жабайы үйрек пен қаз мекендеген. Тек жойылып кету алдында тұрған теректерге келтірілген шығынның көлемі 347 мың теңге. Бірақ өз қызметкерлерінің бұл әрекетінен Шымкенттің Сарыағаш ауданында тұратын басшылығы хабарсыз болдым деп отыр.
Бүгінгі сот отырысы кейінге қалдырылды. Өйткені сот іс материалдарын түгел қазақ тіліне аударуды тапсырды.
Дамир САТҚҰЛОВ, ҚОРҒАУШЫ:
Сотқа дейінгі тергеу барысында елеулі кемшіліктер жіберілген. Себебі мына сотталушы орыс тілінің бірде бір сөзін құрап сөйлей алмайды. Соған байланысты тергеуде формальды қорғаушы қатыстырылған. Іс бойынша бүкіл болған жағдайды сотталушы түсіндіріп сотқа айта алмады.
Айта кетейік, Ақтөбенің өзен-көлдерінің арнасын ашу үшін 6,5 миллиард теңге қаражат бөлініп, 18 мың гектар жер тазартылған. Жалпы өзен-көл маңындағы 970 куб ағаш кесілген. Табиғатқа зиян кетіргені үшін негізі үш бірдей мердігер мекеме үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Б. Рахметова