Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Бұрма ауылындағы 3 жасар бала өлімінен соң тағы бір қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
11.12.2019ж. 20:00
2035
Бұрма ауылындағы 3 жасар бала өлімінен соң тағы бір қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды облысының Бұрма ауылындағы 3 жасар баланың өлімінен кейін жергілікті инспектор мен пробация қызметіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Істі арнайы прокуратура қарап жатыр. Олар мерзімінен бұрын босап шыққан соң күдікті неге емін- еркін жүрді деген сұраққа жауап іздемек. Баланың шешесіне қатысты да күдік туды. Айжан Қуаш баяндайды.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Бұрма ауылының 3 жастағы кішкентай тұрғыны үш ай бұрын азапталып өлтірілген еді. Туған анасының бұрынғы жігіті Игентай Сопыжанов күдікке ілікті. Ол алдымен баланы ұрлап әкетіп, кейін қорлап өлтірген соң қашып кетпек болған. Бірнеше күннен кейін полиция Сопыжановты вокзалдан тұтқындаған болатын.

Баланы 6 жүзден астам полиция мен ерікті 3 күн бойы іздеп ақыры орманнан өлі денесін әрең тапқан болатын. Күдікті Игентай Сопыжановқа «кәмелетке толмаған баланы ұрлау», «кепілдікте ұстау», «өлтіру» секілді үш бірдей айып тағылып отыр. Ол бұрын баланың нағашы әпкесін өлтіріп, 9 жылға сотталған. Алайда түзету мекемесіндегі теріс мінездемесіне қарамастан жазасының жартысын өтеп, бостандыққа шыққан. Сонымен қоса Бұрма ауылында тіркеле тұра Қарағандыда емін- еркін тайраңдап жүрген. «Жергілікті полиция инспекторы мен пробация қызметі қайда қарады?» сұраққа әзір жауап жоқ. Арнайы прокуратура оларға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сол қылмыстық іс аясында пробация қызметі және Бұрма ауылының жергілікті полиция инспекторының іс- әрекеттеріне қатысты тиісті құқықтық баға берілетін болады.


Баланың анасы Ника Васильева баласының өліміне пробация қызметін айыптайды. Алайда қылмыстық істі тергеу кезінде оның туған апасын өлтірген күдіктімен бірге тұрғаны да анықталған.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Апасын өлтіргені үшін Сопыжанов өзінің жазасын өтеп шыққаннан кейін де Васильева екеуі ара- қатынастарын үзбей тіпті бірге тұрған. Бұл кісіге қатысты да құқықтық баға беріледі.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Ал 23 жастағы Игентай Сопыжановқа қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. Алдын ала сот тыңдалымы 18- інші желтоқсанға жоспарланған.

А. Қуаш