Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Атыраудағы Жұлдыз ықшам ауданындағы үйлердің бірінен үш адамның мәйіті табылды

AstanaTV
11.12.2019ж. 20:00
2695
Атыраудағы Жұлдыз ықшам ауданындағы үйлердің бірінен үш адамның мәйіті табылды

Атырау қаласы маңындағы Жұлдыз ықшам ауданындағы үйлердің бірінен үш адамның мәйіті табылды. Қан іздері немесе зорлық-зомбылық байқалмайды. Мамандар алғашында газдан улану мүмкін дегенімен, әзірге оны да нақтыламай отыр. Белгілісі - бәрі бір үйдің адамдары, түгел ересектер.

Марқұмдардың мәйіті табылған үй - осы. Сыртынан қарағанда адам тұрған үйге ұқсату қиын, ауласы шашылған, қабырғаға да сылақ тимегені көрініп тұр. Тіршілік белгісін ілулі тұрған киімдерден ғана білуге болады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көршілердің айтуынша, марқұмдар он шақты жыл бұрын шағын үй салып, осында көшіп келген. Алайда айналадағы адамдармен онша араласы бола қоймапты. 48 жастағы үй иесі көлік жөндеу орталығында жұмыс істеген. Ол 82 жастағы мүгедек әкесімен, әйелімен бірге тұрыпты.


Үй иелерінің қайтыс болғанына бірнеше күн болғанға ұқсайды. Өйткені үйден қолқаны қабатын жағымсыз иіс шықты», - дейді көршілері.  Куәгерлердің айтуынша, әйелі араққа жақын болған. Ішімдіктің кесірінен балаларынан да айырылыпты.

Серікбай ЖАҚСЫҒАЛИЕВ, КӨРШІСІ:

Балдары болды, балдарының бәрін детдомға беріп жіберді. Үкімет тартып алды ғой. Кеше үйінде ішкен ау деймін. Неге десең столдың үстінде арақ тұрды деді ғой милициялар. Жұмыста жүр күйеуі, сол асырап отыр. Әйелі арақ ішеді.  Шалды бағады ғой, шал инвалид ғой.

Марқұмдар тұрған үй кілттеулі. Сырттағы газ құбыры бітеліп, пломба салынған. Таңмен аймақты газбен қамтитын «КазТрансГазаймақ» мекемесінің авариялық қызметі үйдің маңын қарап жүр.

Аманжан МАҚАШЕВ, АВАРИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ МАМАНЫ:

 
Кеше болған жағдайды естіп, сол ГРПЩ-10 пломбаланып тұр. Соны сырттан  қарап кетіп барамыз. Біздер тек апатты жағдайда, телефон шалған жағдайда, үйімізде осындай ситуация болып жатыр, тұрбамыздан газ кетіп жатыр дегенде 15 минут арасында барып тексеріледі. Устранение жасады. Ал үйдің ішін РЦКУ деген мекеме бар, солар обслуживает.

Қазір «Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» тармағы бойынша тергеу басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

Нұрлан ЖАҢАБАЕВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Содан кейін белгілі болады. Нақты ештеңе айта алмаймыз неден қайтыс болғаны жөнінде. Біз маманы емеспіз ғой газдың жұмыс жасайды, жасамайды. Сол жерде газдың қызметкерлері «КазТрансГазаймақ» келді. Солар бәрі шешімге келеді ғой. Біз айта алмаймыз қазір.

Төтенше жағдай мамандары жылу беру маусымы басталғалы жеке тұрғын үй иелеріне қауіпсіздікті ескерткен. Алайда халық арасында әлі де қолдан жасалған жылыту құрылғыларын қосушылар азаймай тұрғанын жоққа шығармайды. Айта кетейік, жылу беру маусымы басталғалы бұл - алғашқы бақытсыз жағдай.

Б. Надирқызы