Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бұрынғы Премьер- министр Серік Ахметов мерзімінен бұрын босатылмайтын болды

AstanaTV
18.12.2019ж. 20:00
1922
Бұрынғы Премьер- министр Серік Ахметов мерзімінен бұрын босатылмайтын болды

«Жемқорлық үшін» сотталған бұрынғы Премьер- министр Серік Ахметов мерзімінен бұрын босатылмайтын болды. Прокурор сотталушыға бұған дейін екі рет рақымшылық жасағанын алға тартқандықтан, Қарағанды облыстық сотының судьясы осындай шешім шығарды. Соттың пайымынша, Серік Ахметов абақтыда қоғамға пайдалы іс жасамаған. Бостандығы шектеулі экс- премьер соттан мерзімінен бұрын босатуды сұраған еді. Алайда оның өтініші қанағаттандырылмады.

Нұрлан АСАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
 

Сотқа Серік Ахметовтің қоғамға пайдалы іс жасағаны туралы дәлелдер берілген жоқ. Пробацияның жақсы мінездемесі оның адамгершілік қасиеттерін ғана көрсетеді. Оның аталған мекеме өткізген шараларға қатысқаны туралы алған алғыс хаттары да жоқ. Ол өзінің түзелгендігін еш көрсетіп дәлелдеген жоқ. Сондықтан оны бостандығын шектеу жазасынан босатуға еш негіз жоқ.

Айта кетейік, Серік Ахметовтің мерзімінен бұрын босатылу туралы талап арызы осыдан екі айдай бұрын ауданаралық сотта да қанағаттандырылмады. Қорғаушысы Николай Лесник, экс-шенеуніктің үлгілі тәртібі мен қоғамдық белсенділігін ескеріп, бостандығын шектемеуді, әрі мемлекеттік қызмет атқаруына салынған тыйымды алып тастауды сұрайды. Сонымен бірге Серік Ахметов мемлекетке келтірілген 2 млрд теңгеден астам шығынды толық өтеген. Еске салсақ, ол 2015 жылы «бюджет қаржысын жымқыру», «лауазымын асыра пайдалану», «кәсіпкерлікке заңсыз араласу» баптарымен айыпталып 8 жылға сотталған. Сот оның мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметпен айналысуына 5 жылға тыйым салды. Екі жылдан кейін сотталушы рақымшылыққа ілігіп, жазасын өтеу мерзімі алдымен 4 жылға азайтылып, кейін «бостандығын шектеу»- ге ауыстырылды. Сөйтіп ол АК 159/ 18 жалпы ережедегі колониясынан босап шыққан еді.

А. Қуаш