Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылжарда киіз басу мектептерде оқытыла бастады

AstanaTV
19.12.2019ж. 20:20
6130
Қызылжарда киіз басу мектептерде оқытыла бастады

Қызылжарда киіз басу мектептерде үйретіліп жатыр. Оған балалардың қызығушылығы себеп болған. Қазақтың ұлттық өнеріне қаршадайынан ден қойған Айжан Дайырова қазір көрген-білгенін оқушыларға үйретіп жүр. Ұлттық қолөнердің дамуы жөнінде аймақтағы тілшіміз әңгімелейді.

Жетінші сынып оқушысы Айжан Қасқырбаева киіз басу өнеріне үш жыл бұрын ынта қойған. Қазақ қызының қлттық өнерге бейімділігі бірден байқалған екен. Алдымен киізден киім тіккен, артынша түрлі суреттерді тоқи бастапты. Бүгінде он саусағанын өнер тамған Айжанның 15 жеке туындысы бар.

Айжан ҚАСҚЫРБАЕВА, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:
 
Бұл үйірменің бір қиындығы түстерді араластыру. Себебі түстер кейде бір-біріне келмей қалады. Маған қатты ұнайтын жұмысым, ол менің бірінші жұмысым болатын.  Оның тақырыбы армандау яғни армандардан қорықпау, өз арманыма жету.


Мектеп мұғалімі Айжан Дайырова алдымен киіз басу өнерін үйірме ретінде ашқан. Кейін шеберлік сағаты бөлек пәнге айналыпты. Ата-бабаның мұрасын сақтап қалған шебер бұл өнердің ұмытылып бара жатқанына алаңдайды. Сондықтан киіз басуды жан-жақты насихаттап, оны халықаралық деңгейде ұлттық брендке айналдыруды мақсат еткен.

Айжан ДАЙЫРОВА, ШЕБЕР:

Киізден тоқылған киімдер жылы, әрі денеге жұмсақ болады. Одан жасалған бұйымдар ерекшеленіп тұрады. Қолөнер жасау барысында негізінде ата-бабаларымыздың амалын қолданамыз. Яғни киізді сумен басамыз. Бұдан бөлек, инемен бүктеу және түрлі түсті бояу сынды жаңа технологияларды пайдаланамыз. Шәкірттерім өз туындыларын түрлі халықаралық байқауларға шығарып отырады.

Бүгінде киіз басу арнайы пән болып, тек бір ғана мектепте оқытылып жатыр. Қазір қалған білім ордалары да бұл тәжірибені енгізуді қарастыруда. Өйткені балалар арасында өнерге қызығушылар көп дейді. Айта кету керек, оқушылар әрдайым өз бұйымдарын аукционға шығарып, тапқан қаржыны қайырымдылық шараларына аударуды әдет еткен.

А. Құрманкин