Өңірлерде шешімін күткен күрделі түйткілдер бар. Бір аймақтың тұрғындарын жол сапасы мен әлеуметтік нысандардың жайы алаңдатса, енді бірінде ескірген энергетикалық инфрақұрылым мен баспана тапшылығы өзекті болып отыр. Халық мұқтаждарын Құрылтай депутаттарына жеткізді.
Тобыл өңірінде жол сапасын жақсарту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселесі өзекті. Әсіресе мектептер мен ауруханалардың қолжетімділігі тұрғындар үшін айрықша маңызды. Халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әл-ауқатын жақсарту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Бұл түйткілдер Қостанайда өткен «Qaz Talks» пікірталас алаңында кеңінен талқыланды.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Азаматтарға алдағы бірнеше жылда қандай стратегиялық өзгерістер болатынын және олардан не күтуге болатынын түсіндіру үшін Жолдаудағы негізгі басымдықтарды талқылау маңызды. Әсіресе екі бағытқа ерекше назар аудару қажет. Оның бірі - инфрақұрылымды дамыту, яғни «Халықтық құрылыс» бастамасы. Бұл - әрбір азаматқа қатысты мәселе. Себебі бәріміз де әлеуметтік нысандардың қызметін пайдаланамыз.
Ал қызылордалықтарды энергетика саласының жай-күйі алаңдатып отыр. Аймақтағы жылу-электр орталығының тозығы жеткен, тораптық желілерді де шұғыл жаңарту қажет. Саладағы маман тапшылығы да өңірді үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осыған орай, сала ардагерлері стратегиялық нысандарды заманауи технологиялармен жабдықтап, тариф саясатын қайта қарауды ұсынып отыр.
МҰХИДЖАН КӘРІМБАЕВ, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Энергетик ретінде Қызылорда облысындағы бірқатар мәселені көтердім. Олар жылу электр орталығына, электр энергиясын тарату желілеріне және тарифтерге қатысты. Сондай-ақ жылу электр орталығы жабдықтарының әбден ескіргенін айтып, оларды заманауи технологиялық құрылғылармен алмастыру қажеттігін жеткіздім.
Ал Павлодар облысында 33 мыңнан астам тұрғын пәтер кезегін тосуға мәжбүр. Олардың кейбірі өз үйінің кілтін жылдар бойы сарғайып күтіп жүр. Солардың бірі - Бауыржан Әйкенов. Ол Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» жобасы баспана түйткілін тарқатуға септігін тигізеді деп сенеді.
БАУЫРЖАН ӘЙКЕНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздегі ең өзекті мәселе - тұрғын үй. Адамдар баспана кезегін жылдар бойы күтіп жүр. Мен де осы кезекте тұрмын. Президент Жолдауында айтылған «Халықтық құрылыс» бастамасы бұл мәселенің шешілуіне ықпал етеді деп ойлаймын.
ЖАРҚЫНБЕК АМАНТАЙҰЛЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
«Халықтық құрылыс» бастамасы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, азаматтардың жеке баспанаға қол жеткізуіне де мүмкіндік береді. Бұл бағытта былтырдан бастап екінші деңгейлі банктерге де «Отбасы банкінен» бөлек жеңілдетілген ипотека ұсынуға мүмкіндік берілді. Осылайша нарықта бәсекелестік орта қалыптасты. Ал бәсеке жағдайында халық өзіне тиімді ұсынысты таңдай алады.
Өңірлердегі кездесулер барысында ортаға салынған өтініштер мен халықтың ұсыныстары аяқсыз қалмайды. Депутаттар ел ішінен жиналған түйткілдерді саралап, шешу жолдарын заңнамалық деңгейде пысықтауға уәде берді.