Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Батыс Қазақстан облысында электр қуаты қымбаттады

AstanaTV
26.12.2019ж. 20:00
2742
Батыс Қазақстан облысында электр қуаты қымбаттады

Батыс Қазақстан облысында электр қуаты қымбаттады. Енді тұрғындар да, заңды тұлғалар да жаңа жылдан бастап, жаңа тарифке көшеді. Табиғи монополияларды реттеу департаменті баға 1 теңгеге ғана өсті деп жұбатып отыр. Әзірге басқа монополистерден коммуналдық қызметтің бағасын өсіру туралы ұсыныс түспеген екен.

Облыс картасындағы мына қызыл шимай электр желісінің түгел тозғанын білдіреді. Ал желінің жарамдылығын көрсететін жасыл нүктелер саусақпен санарлық. Энергетиктер жағдайдың мұншалықты нашарлағанын өңірдегі нысандардың 60 жылдан бері жөнделмей келгендігінен көреді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ, БҚ ЭЛЕКТР ТОРАПТАРЫ АҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


Бізде 25 мың км линиямыз бар, әрбір напряжениемен. 2002-ден бастап ауыстырып жатырмыз қолымыздан келгенше, қаражат жеткенше. Түгел ауыстыру деген мүмкін емес. Бір уақытта нете алмайсың ғой. Он жыл өтеді. Он жыл өткеннен кейін он процент деп тұрмын ғой. 100 процент десек он жыл арасына кетеді.

Өңірдегі электр желісін түгел қалпына келтіру үшін кемінде 700 миллион теңге керек. Мұндай ақша энергетиктерде жоқ. Олардың бар мүмкіндігі дауыл тұрып, қар жауғанда үзілген желіні қайта жалғаудан аспайды. Ауа райының бұзылмауын тілеген мекеменің ендігі үміті тарифте ғана. Елбасының Қауіпсіздік кеңесіндегі сынынан кейін аймақтардағы монополистер халықтан алған миллиондарды кері қайтарып, тарифті орташа есеппен 10 процентке төмендеткен еді. Енді оралдық жарық беруші мекеме 1-қыркүйектен бастап бұрынғы тарифке қайта оралды. Мұнымен шектелмей, келер жылдан бастап бағаны көтеруді сұрап отыр.

Оралбек КУЛМУРЗИН,  ҚР ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ АГЕНТТІГІНІҢ БҚОД БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Энергетика министрлігінің бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың 1-қазанынан бастап, электр стансаларының бағалары өсті. Сол себепті, осы өсулердің әсерінен тұрғындар үшін соңғы баға дейміз ғой. Тұрғындарға берілетін электр энергиясының  бағасы да үшін өсіп отыр.

Осылайша табиғи монополияларды реттеу департаменті жеткізуші мекеменің өтінішін мақұлдады. Осыған дейін электр қуаты үшін 10 теңге 3 тиын төлеген тұрғындар енді келер жылдың 1 қаңтарынан 11 теңге 29 тиын төлейді. Тариф 99 тиынға өсіпті. Заңды тұлғалар да әр киловатт үшін енді 1 теңгеге шығынданады. Сондай-ақ келер жылдан бастап, қаладағы қоқыс шығару қызметі 33 пайызға қымбаттайды.

Е. Карин