Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қасым-Жомарт Тоқаев бір қызметтен екіншісіне «командамен» ауысатын шенеуніктерді сынады

AstanaTV
15.01.2020ж. 20:00
2776
Қасым-Жомарт Тоқаев бір қызметтен екіншісіне «командамен» ауысатын шенеуніктерді сынады

Президенттік кадрлық резерв мүшелерімен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев бір қызметтен екіншісіне «командамен» ауысатын шенеуніктерді сынады. Олар ескі жүйеден шыға алмай, елдегі жаңғыру процестерін тежеп отырғанын айтты. Сол себепті биылдан бастап олардың саны қысқарып, үнемделген ақша өзгелерін ынталандыруға жұмсалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су мәселесін қозғап, оны өте көп қажет ететін өндірістерден құтылу керектігін айтты. Ақордада көтерілген басқа да өзекті тақырыптарды тілшіміз Әлішер Өмірзақ тарқатады.

Зульфия Сулейменова Жапония ұлттық саяси зерттеулер институтының PHD докторанты. Президенттік кадрлық резерв жасақталып жатқанын әлеуметтік желіден білген. Шетелде жинаған білімін ел болашағы үшін қолдануды көздеген ол мүмкіндікті қалт жібермеді. Енді елдегі экология және трансшекаралық су мәселелерін шешуді көздеп отыр. Осы жиында президент суды қажет ететін өндірістерден құтылып, оны үнемдеу технологиясын енгізу қажеттігін айтқан еді.

Зульфия СҮЛЕЙМЕНОВА, ПРЕЗИДЕНТТІК КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВ МҮШЕСІ:

Су және экология мәселелерімен тек осы салада жұмыс істейтін мамандар ғана емес, барлығымыз да айналысуымыз керек. Өзіміз де азамат ретінде өз үлесімізді қосуымыз керек.

Президенттік кадрлық резервке іліккісі келген 13 мыңнан осы 300 маман іріктелді. 55-і жаңа қызметке бекітілді. Қалағаны да мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жіберіледі. Жауапты қызмет демекші Президент «шегіртке ұқсап» бір қызметтен екінші қызметке секіріп, «командамен» жүретін шенеуніктерді сынға алды. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кей шенеуніктер ескіше жұмыс істеп, елдегі жаңғыру процестерін шектеп жатыр. Проблеманың бірі - мемлекеттік басқару жүйесіндегі командалық ауысу. Іс жүзінде әкім немесе министр ауысқанда кадрлық құрам қатты өзгеретіні жасырын емес. Әлі күнге дейін «қамқорлық» және қызметте таныстық арқылы көтерілу жағдайлары кездеседі. Біз мұны бәріміз білеміз, рас қой.

Осы орайда биылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің саны қысқарып, үнемделген ақша басқаларын ынталандыруға жұмсалады. Жапонияда белгілі бір жетістікке жеткені зейнетке шығады. Яғни жастарға жол ашылады. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз мемлекеттік қызметкерлерге тиісті әлеуметтік пакет құруымыз қажет. Мәселен, Жапониядағыдай. Ол жақта департамент директоры деңгейіне көтерілген мемлекеттік қызметкерлер қуана-қуана зейнетке шығады. Өйткені әлеуметтік пакетпен қамтылған.


Жиналған 300 азаматқа қатысты тақырыптан ел үшін маңызды тақырыпқа ойысқан Президент Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Парсы шығанағындағы дағдарыс барлық мемлекетке әсер етпей қоймайды. Өйткені әрбір ел бір-біріне тәуелді. Сондықтан біз елдің қауіпсіздігін нығайту мақсатында жұмыс істеуіміз керек.


Одан бөлек Мемлекет басшысы экономикалық дағдарысқа төтеп беру маңызды, сондықтан бұл бағытта одан әрі белсенді жұмыс істеуге тиіспіз, деді.

Ә. Өмірзақ