$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Жамбылдағы көп балалы аналар бала күту мерзімін ұзартуды талап етті

AstanaTV
15.01.2020ж. 20:00
2208
Жамбылдағы көп балалы аналар бала күту мерзімін ұзартуды талап етті

Жамбылда көп балалы аналар әкімдік алдына жиналды. 30-дан астам ана арыздарын арқалап, атаулы әлеуметтік көмекке байланысты өзгертілген заңға көңілдері толмайтындарын жеткізді. Олар, босанғаннан кейінгі бала күтімін үш жылдан жеті жылға ұзартып, былтыр берілген 21 мың теңгені сол қалпында қалдыруды талап етті.

Әкімдік алдында ұрандатып шулаған ақ жаулықтылардың айқайынан соң, жергілікті билік бірден шығып басу айтты. Атаулы әлеуметтік көмектің ақшасы азайғанымен, ай сайын әр балаға жәрдемақы ретінде берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің бар екенін алға тарты. Бірақ аналар оқу жылының басында аз қамтылған отбасыларға әкімдік үлестіретін мектеп формаларының тым сапасыз тігілетінін айтып, күн өтпей жыртылып қалды деп қапалы.

Ашынған аналар жергілікті билік өкілдеріне өкпелі. Айтуларынша, олар талап-тілегін айтып, жағдайын тәптіштеп түсіндіргенімен нәтиже жоқ.
 
Тимуржан НҰРЫМБЕТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Мемлекет ақшалай көмектесе бермейді. Мемлекет қиын жағдайға түскен отбасыны қиын жағдайдан шығару керек. Одан кейін әрі қарай өзі жұмыс істеп табысын табу керек. Бір үйден бірғана адам баланың күтімімен қалу керек та басқасы жұмыс істеу керек. Атаулы әлеуметтік көмектің мәні сонда. Соны көпшілік аналар түсінбейді. Оны қаламайды.

Аймақ атқамінерлері биыл атаулы әлеуметтік көмекті 15 мыңғы жуық отбасы алады деп отыр. Қазір көмек көрсетілетін жанұялардың тізімі жасалып жатыр. Ол үшін бюджеттен 10 млрдтай қаржы қарастырылыпты. Ал әлеуметтік пакетке қатысты жұмыстар әлі бір жүйеге түспепті. Айта кетейік, аналардың басты талабы - бала күтімімен отыратын мерзімді ұзарту талап-ұсынысын жауаптылар министрлікке жолдап қойыпты.

Б. Жұмабайұлы