Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтөбелік мүгедектер инватакси қызметін қайтаруды сұрайды

AstanaTV
15.01.2020ж. 20:00
2523
Ақтөбелік мүгедектер инватакси қызметін қайтаруды сұрайды

Ақтөбеде мүгедек жандар инватакси қызметін қайтаруды сұрайды. 15 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан ол қызмет жаңа жыл басталғалы тоқтап қалған көрінеді. Бүгінге ем алуға, сабаққа, жұмысқа бара алмай қиналып отырған олар арнайы қызметті қайтаруды сұрап отыр. Тілшіміз Бақыт Рахметова себебін біліп қайтты.

Сәуле Оразалина бірінші топ мүгедегі. 2011 жылдан бері инватакси қызметін пайдаланып келеді. Бірақ жаңа жыл басталғалы инватакси қызметі тоқтаған. Бір ғана 47 мың теңге зейнетақыға қарап отырған жанға өз ақшасына аурухана мен емханаға жиі қатынау қалтасына салмақ түсіріп отыр. 

Сәуле ОРАЗАЛИНА, БІРІНШІ ТОПТЫҢ МҮГЕДЕГІ:

Бізге мықты қиын деген. Мына үйдегі инвалидтердің барлығымыз сұраймыз инватаксиді қайтарсын. Жаңа жылға дейін осы вопросты шешуге болады ғой. Қаңтардың пенсиясының жартысы кетті таксиге. Енді екінші пенсия тоже кетеді таксимен. Қазір сағат екіде 12 мкр жолдамамен барамын тағы кетеді ақша. Бар ақшамыз соған кетіп тұр таксиге.

Бұл инватакси қызметі Ақтөбеде 2005 жылдан бастап қызмет ете бастады. Арнайы көлікпен мүгедектер ауруханаға, жұмысқа, ал жарымжан балалар  сабаққа жеткізілді. Енді науқастар жоспарлары емдерін де ала алмай отыр.

Құралай БАЙМЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ САЛ АУРУЛАРЫНА ШАЛДЫҚҚАН ЖАНДАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
 
Бұл өте маңызды қызмет инватакси деген. Ол ең әуелі мүгедек жандардың қауіпсіздігі. Бұл қызметте мүгедектерге арналған арнайы көліктер қызмет етеді. Арнайы оқытылған жүргізушілер жұмыс жасайды. Олар сол адамның қауіпсіздігі үшін жауап береді. Сондықтан да сол инватаксимен жүрген мүгедек жандар үшін өте ыңғайлы.

Инватакси қызметі 2012 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен жергілікті қазынадан қаржыландырыла бастаған. Биылғы жылы байқау өтпегендіктен инватакси қызметі тоқтап тұр.

Гүлмира СҮЛЕЙМЕНОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі таңда бізде жергілікті бюджеттен ақша бөлінді. 39 млн теңге. Міне бір-екі күндікте біз әлеуметтік тапсырысқа Үкіметтік емес ұйымдарға шақырулар беріледі. Соның қорытындысын шығарып, біз осы аптаның аяғында договорға отырамыз деп жоспарлап отырмыз.

Шенділердің айтуынша, арнайы такси қызметі келер аптадан бастап өз жұмысын қайта жалғастырады. Тек қаланың өзінде бұл қызметті айына екі жүзге жуық адам қолданып отыр.

Б. Рахметова