$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Атырауда жылу құбырының үстінен табылған нәрестенің анасы іздестіріліп жатыр

AstanaTV
16.01.2020ж. 20:00
3079
Атырауда жылу құбырының үстінен табылған нәрестенің анасы іздестіріліп жатыр

Туа салып тастап кеткен. Атырауда жылу құбырының үстінен табылған нәрестенің анасы іздестіріліп жатыр. Жаңа туған шақалақты қала тұрғыны тауып алып хабарлаған. Қазір тастанды сәби облыстық балалар ауруханасында.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
 
Сәбиді қаладағы Авангард мөлтекауданының тұрғыны Надежда Пали тауып алған. 65 жастағы зейнеткер қыста жаңа туған шақалақтың далада жатқаны жанына батқанын айтады.

Нәресте 5 қабатты үйдің жанындағы мына жылу құбырының үстінде жатқан. Ал зейнеткер осы үйдің 4-ші қабаттында тұрады. Қан қысымымен ауырытын қария терезесін үнемі екі елі ашық қоятынын айтады. Таңғы сағат 7-лер шамасында нәрестенің дауысын естіген. Алғашында мән бермепті.

Надежда ПАЛИ, АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНЫ:

Бастапқыда анасы баласын жұбата алмай тұр ма деп ойлағанмын. Бірақ жылаған дауыс тоқтар емес. Мен шыдамай тұрып, терезеден қарадым. Ешкім көрінбеді. Бірақ жылаған сәби дауысы естіліп тұрды. Киініп шықтым. Қалта шамның жарығымен қарасам, ораулы бір нәрсе жатыр. Көтеріп алмақшы болып ем, екі құбырдың ортасынан сырғып кеткен. Әрең шығарып алдым. Сосын «жүрексіздер, бұл не істегендерің» деп айқайладым. Сәбиді үйге әкеп, диванға қымтап жатқыздым да бірден жедел жәрдем мен полицияға хабарластым.

Шәліге оралған сәби олыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Оның  денесі мұздап, жүрек соғысы өте төмен болды,- дейді дәрігерлер. Бірден инкуватор кереуетке салып, шұғыл көмек көрсетілген.

Ғалым ЕМБЕРГЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Қазіргі жағдайы баланың жағдайы тұрақталды. Қосымша тексеру барысында баланың жалпы туа біткен ақаулары жоқ. Дені сау. Күніне жетіліп босанған бала. Салмағы түскен кезде -  3 келі 340. Бойы - 50 см. Қазақ ұлтына ұқсас нәресте.

Туа сала тастанды атанған нәрестеге ақ халаттылар есім де беріп қойған. 
 
Ғалым ЕМБЕРГЕНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
 
Кеше өзімнің туған күніме байланысты түскесін таңертең бөлімшедегі қызметкерлермен өзіміз ақылдаса келіп, менің атыма фамилиясы берілді. Ғалым. Сосын өзімнің үйімде 4 қызым бар ұлым болмаған соң 5 ші қызым деп, бөлімшедегілер әзілдесіп, атын «Ұлдана» қойдық.

Полиция кешелі-бері көкек ананы іздеп жатқанымен, әлі тапқан жоқ. Оқиға орын алған жерде бейнебақылау камерасы да бар. Оның да көмегі болмай тұрған сияқты. 

Гүлнәзира МҰХТАРОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:
 
Полиция департаментімен ҚР ҚК 119 бабының І бөлігімен, яғни «қауіпті жағдайда сәбиді дәрменсіз күйінде көрнеу көмексіз қалдыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеп-тексеру амалдары аяқтамайынша, жариялауға жатпайды.

Бауыр еті баласын тастап кеткен қатыгез ананы іздеу жалғаса бермек. Өз анасы өзегінен тепсе де, қыстың қарасуығында аман қалған шарана әзірге балалар ауруханасында болады.

 Б. Надирқызы