Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Абай Құнанбайұлының бір ғана ұрпағы қалған, - А. Құнанбайұлының жиеншары

AstanaTV
21.01.2020ж. 20:00
4605
Абай Құнанбайұлының бір ғана ұрпағы қалған, - А. Құнанбайұлының жиеншары

Бүгін Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Торқалы тойға биыл ел қазынан 3 млрд теңге қарастырылған. Мерекелік жиынның шымылдығын түру үшін алыс-жақыннан арнайы ат артып келгендер арасында Абай ұрпақтары да болды. Ұлы ақынның жиеншарының айтуынша, бүгінде Абайдан тікелей тараған бір ғана ұрпақ бар. Толығырақ, тілші материалында.

Ұлы ақынды қалай ұлықтасақ та, қалай дәріптесек те жарасады. Бұл бүгінгі Астана опера және балет театрында өткен жиынға жиналғандардың бір ауыздан айтқан пікірі. 

Ел асыға күткен мерейтойға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев та қатысты.
 
Салтанатты жиыннан Абай ұрпақтары да табылды. Олар бүтін бір ұлтқа өнеге болған тұлғаның ізін жалғап жүргендерін мақтаныш етеді. 70-жастағы Ләйлә Баймағамбетова ұлы ақынның жиеншары. Абайдың бәйбішесі Ділдәден сүйген тұңғыш баласы Ақылбайдың ұрпағы. 

Ләйлә БАЙМАҒАМБЕТОВА, АБАЙДЫҢ ЖИЕНШАРЫ:

Менің анам Ақылбайдың немересі. Анам 1988 жылы дүниеден озды. Оның Бағфур деген бауыры болған. Сол Бағфурдан Айдар, Ал Айдардан Данияр тараған. Ол қазір отбасымен Алматыда тұрады. Үш қызы бар. Әзірге Абайдың ұрпағы сол Даниярмен тоқтап тұр.

Биыл торқалы той қарсаңында ақынның еңбектерін араб, жапон, итальян, испан және француз сынды он түрлі тілге аударып, басып шығару көзделген. Ақынның шығармашылығын дәріптейтін басылымдар да қолдауға ие болмақ. Бұл Абайтанушылар үшін ерекше қуаныш. 

Ғабиден ОСПАНОВ, «АБАЙ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Бізге қанат бітіп, қуанышта жүрміз. Бүкіл Семейдің зиялы қауымы алғыс айтып жатыр. Мына журнал қаланың бұрышында ақырыпдап жүруші еді. Қайтадан өзінің бұрынғы қалпына, республикалық статусы бар бұрын берген. 94-жылғы әлгі шешімменен. Кейін ақырын суға кеткендей болдық. Енді қайтадан қарқын біткендей боп, осы үшін жұмыс істейік деп отырмыз.


Отантай КӘРІПЖАНОВ, «АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүкіл Қазақ халқының алдына қойған мәселесі, Абайды дүниежүзіне таныту. Егер, қытайларда конфуции деген ғалым болатын болса, немістерде Гете болатын болса, Қазақстанда Абайды таныту көзделіп отыр.
 
Дүбірлі тойда өнер саласы да ұмыт қалмаған. Биыл 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Әлемнің түкпір-түкрініде театр және музыка фестивальдері өтеді. Ал мәдениет саласындағы үздік туындылар үшін берілетін мемлекеттік жүлде де енді «Абай атындағы мемлекеттік сыйлық» деп аталмақ.

Ұлы ақынның тұлғасы мен мұрасын дәріптеу шетелдерде де жалғасын таппақ. Ресей, Франция, Ұлыбритания және өзге де алпауыт мемлекеттерде "Абай орталықтарын" құру көзделген. Мемлекет басшысы хакім Абайға арналған ұлан асыр тойды ысырапшылдыққа жол бермей өткізуді тапсырды.

А. Мүтәлі