Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Қазақмыс» корпорациясындағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
22.01.2020ж. 20:00
2966
«Қазақмыс» корпорациясындағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды

Жезқазғанда «Қазақмыс» корпорациясының бас директоры Аменгелді Мініғұловқа жасалған қастандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алайда полиция кәсіподақ басшысы Тоғызбай Тәжбеновтің оны не үшін пышақтағанын ашып айтпай отыр. Ал еңбек конфедерациясының пікірінше, кабинеттегі кикілжіңге кәсіподақ ұйымының проблемалары себеп болуы мүмкін. Жұмыскерлер құқын қорғаумен айналысқан ұйым басшысы кәсіпорын директорына сонша неге шүйлікті? Не үшін екі адамды пышақтап, артынан өзіне қол салды? Бұл сұрақтарға өңірдегі тілшіміз Айжан Қуаш жауап іздеп көрді.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Оқиға кеше кешқұрым кеше «Қазақмыс корпорациясының» бас директоры Амангелді Мініғұловтың кабинетінде болған. Онымен жанжалдасып қалған кәсіподақ ұйымының басшысы Тоғызбай Тәжібаев бас директорды кеуде тұсынан пышақтап, араша түспек болған мекеме маманын да жарақаттапты. Артынан өзіне қол салған.

Тура триллердегідей оқиғадан кейін жарақаттанған екі адам «Қазақмыстың» ведомствалық ауруханасына жеткізіліп, дереу ота жасалған. Қазір жағдайлары тұрақты. Жанжал куәгерлері қандай бір ақпарат беруден қорқып отыр. Қазір кәсіпорын қоршалып, бас ғимаратта тергеу- тексеру жүріп жатыр.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

"Қазақмыс" коорпорациясының директоры Мініғұловтың кабинетінде Тәжібенов өзара жанжал барысында Мініғұлов пен осы мекеменің маманы Тембаевқа пышақпен дене жарақатын келтіріп, сол жерде өзіне қол жұмсап, оқиға орнында көз жұмды.

Жан түршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны бас прокуратура бақылауға алды. Дегенмен күдіктінің көз жұмуына байланысты іс қысқартылуы да мүмкін.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бап «қасақана адам өлтіруге оқталды» деген. Құпиялары бар, басқа да мәліметтері бар. Практикада бұл қысқартылады. Тоқталымға алынады. Өйткені жаңағы күдікті адам  болмауына байланысты. Тергеу орындары толық баға бергесін ғана толық мәлімет айта аламыз.

Тоғызбай Тәжібенов тау кен және металлургия саласындағы жұмыскерлер құқын қорғайтын «Кәсіп- Қорған» ұйымын 1 жылдай басқарған. Еңбек жолын қарапайым жұмыскерден бастаған ол 35 жыл бойы «Қазақмыста» жұмыс істеген. Ал аталған кәсіподаққа 50 мыңнан астам жұмыскер кіреді. Әріптестерінің айтуынша, төраға жұмысшылардың жалақысын көтеру, еңбек жағдайын жақсарту секілді маңызды сұрақтарды көтерген.

Болат ЖҰМАБЕКОВ, ҚР КӘСІПОДАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ол осы кәсіподақ ұйымын құрушылардың бірі екенін білемін. Ол ең алдымен жұмыскерлердің құқын қорғауға тырысатын. Ол Жезқазған, Сәтпаев қалаларының тұрғындарының проблемасын көтеретін. Жинақы, салмақты адам болатын. Біз болған жайтқа сене алмай отырмыз. Кәсіподақтар үшін әкімшілік әлеуметтік серіктес. Біз жұмыскерлерге қатысты барлық әлеуметтік сұрақтарды кәсіпорын басшыларымен бірлесіп шешуге тиіспіз.

Алайда еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Мәшкенов соңғы кезде кәсіподақ басшысының жұмысын сынағандар көбейгенін хабарлады. Тіпті ақпан айында өтетін жиында осы мәселе қаралуы тиіс болған.

Мұрат МӘШКЕНОВ, ҚР ЕҢБЕК КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Салалық кәсіподақ ұйымы мен жұмыскерлер арасында проблемалар шыға бастады. Бұл сұрақтар республикалық еңбек конфедерациясының ғана емес, жұмыс берушінің де мәселесіне айналған. Меніңше, осы себепті кәсіподақ басшысының жұмысын қарау, болмаса оның қызметіне қатысты сұрақты шешу керек болған сияқты.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Осылайша кәсіподақ басшысының «Қазақмыстың» бас директорына не үшін қастандық жасағаны әзір белгісіз. Бұл билік үшін құрбандық па? Әлде жұмыскерлердің құқық қорғауға тырысқан адамға жасалған қысымнан болды ма? Әзірге бұл жұмбақ.

А. Қуаш