Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қызылжарда әлеуметтік нысандардың құрылысы кешеуілдеп жатыр

AstanaTV
23.01.2020ж. 20:00
1547
Қызылжарда әлеуметтік нысандардың құрылысы кешеуілдеп жатыр

Қызылжарда бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы кешеуілдеп жатыр. Оның ішінде мектеп те бар. Құрылыс неге созылып кетті? Билік өкілдері жауапсыз кәсіпорынға қандай шара қолданбақ? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анқтап көрді.

Былтырғы жылдың бірінші қыркүйегінде тапсырылуы тиіс болған қазақ мектебінің жыры әлі бітпей келеді. 900 орынға шақталған білім ордасының құрылысы 2017 жылы басталған. Шыдамы таусылған билік өкілдері жауапсыз кәсіпорынды қара тізімге жіберуді көздеп отыр.

Владислав ЛУКИН, СҚО ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Соңғы үй қазан айында сырылған соң, мердігерлер келісім шартты желтоқсанның ортасына дейін созуды сұрады. Біз көндік. Содан бері бір жарым ай өтті. Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Біз оларды жауапсыз кәсіпорындардың қатарына енгізу үшін сотқа арыз жаздық. Бұдан бөлек, 16 миллион теңге көлемінде айыппұл салуды талап етіп отырмыз.


Мектеп құрылысына ат салысқан жұмысшылар да кәсіпорынға өкпелі. Білім ордасының асханасында кафель тақталарын төсеген Александр Оситров жалақысын даулап, мердігердің табалдырығын тоздырып жүр.

Александр ОСИТРОВ, ЖҰМЫСШЫ:

 
Жұмысымды желтоқсан айында бітірдім. Менімен бірге он екі адам жұмыс істеді. "Севимсталькон" компаниясы маған 180 мың теңге қарыз. Кәсіпорынның кеңсесіне үшінші күн қатарынан келіп отырмын. Бірақ кадр бөлімінің басшылығы меннен қашып жүр.

Аталған мердігердің мектептен бөлек тағы бір "сақалды" құрылысы бар. Олар қарызға батқан "Казградстрой" компаниясы, мемлекеттік бағдарлама бойынша іргетасын қалаған 192 пәтерлі үйді аяқтауы тиіс. Кәсіпорынға қол ұшын созған шенеуніктер бөтен компанияның құрылғысы мен техникасын заңсыз жолмен біршама уақытқа қолдануға беріп, артынша сол үшін жауапкершілікке де тартылған болатын. Бірақ, соның өзінде мердігерлер сылбырлық танытса керек. Наурыздың аяғында қолданысқа берілуі тиіс болған он екі қабатты баспананың бүгінде 75 пайызы ғана дайын. "Севимсталькон" мекемесінен қандай да бір ақпарат алу біз үшін қиынға соқты. Дегенмен компания басшысымен сұхбаттастық. 

Сұлтанбек ГАЗДИЕВ, «СЕВИМСТАЛЬКОН» ЖШС БАСШЫСЫ:


Мектепті аяқтауға құрылыс алаңына берілген аумақтағы жер үйлер кедергі  болды. Негізгі себеп сол. Дегенмен қазір мектеп 99 пайызға дайын тұр. Ал 192 пәтерлі үйде әлі жылу жоқ. Ақпан айында инженерлік жүйелерді тартамыз. Баспана мамыр айында дайын болады.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Сөйтіп, 20 жыл бойы өңір нысандарын салып жүрген кәсіпорын енді алғаш рет қара тізімге енуі мүмкін. Тәжірибелі мердігердің тағдырын сот ақпан айында шешетін болады. Айта кету керек, өңір тұрғындары тағатсыздана күткен қазақ мектебі төртінші тоқсанда есігін айқара ашпақ.

А. Құрманкин