Өсем деп қызметінен қуылды. Аудан әкімі лауазымын 50 мың долларға сатып аламын деп басы бәлеге қалған жамбылдық шенеунік жазаланды.
Асхат МЕДЕТБЕКОВ, МЕРКІ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында М. Сүлейменов атқарып отырған қызметінен босатылды.
Экс-шенеунік Мейіржан Сүлейменовты орнынан алып тастауды өңір басшысы Асқар Мырзахметов тапсырған. Тіпті осы іске қатысты қызметтік тексеріс те жүруі мүмкін. Еске сала кетейік, Меркі ауданы әкімінің орынбасары өз басшысының қызметіне көз алартқан. Сол лауазым үшін 50 мың АҚШ долларын беретінін телефон арқылы кәсіпкерге айтқан еді. Жемқорлық сипаттағы екеуара әңгіме ұлттық бюро өкілдерінің құлағына жеткен. Сөйтіп, бұрыңғы шенеунік қыпқызыл даудың астында қалды. Бұл іс әдеп кеңесінде жалпақ жұртқа жарияланып, атқамірелердің алдында "бұл - достық «әзілім»" деп ақталды. Ақырында, аңдамай сөйлеймін деп жұмыссыз қалды.