$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қытайдан шыққан коронавирус тез тарап барады

AstanaTV
27.01.2020ж. 20:00
4653
Қытайдан шыққан коронавирус тез тарап барады

Қытайдан төнген қауіп. Короновирус індетінен қаза тапқандар саны 80-нен асты. Ал вирус жұқтырғандар 6 мыңнан асты. Қазақстан емі табылмаған ауружан қалай сақтанып жатыр? Айя Мүтәлі тарқатады.

Қытай аумағынан шыққан коронавирус қазір Азия елдеріне тарап, басқа құрлықтарға да өтіп жатыр. АҚШ-тың өзінде бүгін 4-ші адамда осы ауру белгілері анықталды. Шетел асқан жұқпалы дертке Қазақстан тарапы да алаңдаулы. Жемалысқа қарамастан Асқар Мамин бастаған Үкімет шұғыл кеңес өткізді.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдан Қазақстан аумағына коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шешуші ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Әзірге бұл індет ел аумағына келе қойған жоқ. Дегенмен, қорқуға негіз бар. Халықаралық басылымдар коронавирус Қазақстан аумағында тез тарап кетуі мүмкін деген мәліметтер таратып жатыр. 

"RESEARCHGATE" БАСЫЛЫМЫНАН:

Қазақстанның Түркістан облысы аумағында коронавирусты тез таратуға бейім  жарғанаттар өмір сүреді. Олар өңірдің Алтынтау, Қараүңгір және Кептерхан аумақтарын мекендейді.

Елде қауіпсіздік күшейтілді. «Scat» және «Air Astana» әуе компаниялары рейстерін тоқтатқанын хабарлады. Шекарадағы Қорғас сауда алаңы да жабылды. Ал Ухань қаласындағы қазақстандық студенттер елге қайта алмай жатқандарын мәлімдеді.

Аружан БЕГМАНОВА, СТУДЕНТ:

Не істерімізді білмей отырмыз. Әуежай мен теміржол вокзалы жабық. Біз жатақханандан шықпай отырмыз. Көшеге шығу қорқынышты әрі қауіпті. Қажет заттарымыз бен азық-түлікті 1 аптаға жететіндей етіп сатып алдық. Үкіметтен көмек  сұраймыз.

Сыртқы істер министрлігінің мәліментінше, Қытайда  10 000-нан астам қазақстандық студент бар. Қазір оның 98-і карантиндік аймақта қалып қойған. Ал оларды тез арада елге қайтару мүмкін емес деп отыр.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
 
БАҚ-та Өзбекстан мен АҚШ-ты қоса алғанда, бірқатар елдер Уханьнан өз азаматтарын көшіріп жатыр деген ақпарат тарады. Бұл жалған ақпарат. Қытай бірде-бір елге өз азаматтарын шығаруға рұқсат берген жоқ. Қытай билігі Уханьды жауып, ешкімді шығармай отыр. Қытай тарапы әлі мұндай рұқсат берген жоқ. 

Қауіпті вирус қазір Қытайдың 25 провинциясына таралған. Әзірге оған қарсы вакцина болмай тұр. Көрші елдегі жағдайдың ушығып кеткеніне алаңдаған Қазақстан елге келген әрбір жолаушыны қадағалауға көшті. 

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Елімізге жетпеу үшін біз шекара қызметімен бірлесіп, солардан тиісті ақпарат алып, бізге келіп жатқан азамататрдың толық тізімі бар. Бұл тізімдерді біз аймақтық, облыстық сақтау басқармаларына беріп жатырмыз. Сол келген адамдардың артынан 14 күндей бақылау жүргізіп жатыр.

Әлемнің үрейін ұшырған дерттің алдын-алу үшін елдегі әр аймақ дәрігерлерінің де дайындығы пысықталған.

Гүлнар БЕЙСЕМБАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:

Клиникалық ауруханада инфекциялық жұқпалы аурулар орталығы бүгінгі күнде 190 кереует, оның ішінде 30- ы ересектерге, 160 кереует балаларға дайын. Онымен қатар вирусқа қарсы дәрі- дәрмек жеткілікті. профилактикалық маскалар, дезинфекциялық, антисептикалық препараттар жеткілікті.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин ауру экзотикалық жеміс-жидектерден тарауы мүмкін деген болжамды жоққа шығармады. Сонымен қатар, қауіпті індет пошта арқылы келетін сәлемдеме арқылы жұғуы екенін ескертті. Сол үшін Қытай арқылы зат сатып алуды әзірге тоқтата тұруға шақырады.

А. Мүтәлі