Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағандыда автобус жүргізушісі қағып кеткен әйел ауруханада көз жұмды

AstanaTV
05.02.2020ж. 20:00
3355
Қарағандыда автобус жүргізушісі қағып кеткен әйел ауруханада көз жұмды

Ауызда шемішке, құлақта наушник». Қарағандыда жылдамдықты асырып, жаяу жүргіншіні қағып кеткен 118 - інші автобустың жүргізушісі телефонмен сөйлесіп келе жатып, бағдаршамның қызыл түсін байқамаған. Осылай деген марқұмның туыстары автобус жүргізушісін қатаң жазалауды сұрайды. Бұған дейін хәл үстінде жатқан науқас ауруханада жан тапсырды. Айжан Қуаш жалғастырады.

Бұл- жаяу жүргінші жолындағы бейнебақылау. Бағдаршамның жасыл түсінде өтпек болған Камила Калединаны 118- інші автобус соғып кеткен. Қоғамдық көліктің жылдамдығы қатты болғандықтан соққы да ауыр тиген. Бас миы ісініп, қаншама жарақат алған 62 жастағы әйел бірнеше күн жан сақтау бөлімінде жатып, ақыры ес жимастан өмірден озды. Марқұмның туыстары автобус жүргізушісін қатаң жазаға тартуды сұрайды. Олардың айтуынша, жылдамдықты асырғанымен қоймай, телефонмен сөйлескен. Аузында шемішке, құлағында наушник болған жүргізуші жолаушылардың ескертуін қаперіне де ілмеген деп отыр.

Айхан КӘРСЕНБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ:

Автобуста болған кісілердің біреуінің айтуынша, шемішке жағып келе жатқан, телефонмен сөйлесіп келе жатқан. Сосын бір остановкада тоқтап, жаңағы анау энергетикалық сусынды ішкен. Әйелі мен кондуктор ма алып берген екен. Ертең осындай жағдай болмау үшін, осындай жағдайға ұшырамау үшін мынандай шопырларды тәртіпке жазаға тарту керек.

Тоғжан АХМЕТҚАЛИЕВА, МАРҚҰМНЫҢ СІҢЛІСІ:

Куәгер бізге сол 29- ыншы қаңтар күні жүргізуші өзін өте дөрекі ұстағанын айтты, ақырындау жүріңіз дегенге құлақ аспаған. Құлағында наушник, телефонмен сөйлесіп отырған. Әпкемнің жасыл жанғанда жолдан өтпек болғаны анық, біз жүргізушіні қатаң жазалауды талап етеміз. Ол бұрын қарақшылық, тонау қылмысы үшін сотталғанын анықтадық. Тым болмаса адамгершілік танытып кешірім де сұрамады.

29 жастағы автобус жүргізушісінің бұрын сотталғанына қатысты ақпарат ала алмадық. 3- інші автопарк басшылығы да жұмыскері туралы қандай бір ақпарат беруден бас тартты. Ал бұған дейін бостандықта болған айыпталушы кеше жапа шегуші қайтыс болған соң қамауға алынған.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған жол көлік оқиғасы бойынша автобус жүргізушісі ҚР ҚК 345 бабы, 3- інші бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қарағандыда автобус жүргізушілерінің қатысымен болатын қайғылы оқиғалар көбейген. Осы қыста олардың кесірінен 40 шақты жаяу жүргінші жарақаттанып, мүгедек болып қалса, 2 адам көз жұмған. Ал Камила Калединаның туыстары қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты петиция жинамақ.

А. Қуаш