$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В Татарстан кәсіпорындарымен әріптестікті нығайтпақ

AstanaTV
05.02.2020ж. 20:00
2591
Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В Татарстан кәсіпорындарымен әріптестікті нығайтпақ

Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В Татарстан кәсіпорындарымен әріптестікті нығайтпақ. Осы орайда бүгін Нұр-сұлтанда «Машинажасау саласын дамыту бойынша әріптестік» форумы өтті. Оған ірі мұнай-газ операторларының өкілдері мен еліміздің машинажасау кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Бұл форумының басты мақсаты - Татарстан кәсіпорындарымен әріптестікті нығайту. Осылайша жаңа өндірісті құру және дамыту. Шараға қатысқан мұнай-газ операторлары мен машинажасау кәсіпорындары өкілдерінің көздегені осы.

Эдвин БЛОМ, ҚПО Б.В КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
 
Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг компаниясының өндірістік қуатын арттыру мен отандық өндірістегі бірқатар тауар түрлерін кеңейту бойынша ауқымды жоспары бар. Осы орайда Татарстан компанияларын Қазақстанға шақырдық. Мақсатымыз оларды инвестициялық мүмкіндіктермен таныстыру.

Марат КӘРІМОВ, ҚПО Б.В КОМПАНИЯСЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Соңғы жылдары жергілікті қамтуға үлкен көңіл бөліп отырмыз. Соңғы 3-4 жылдың ішінде бұрын шетелден алынатын 22 тауарды қазір Қазақстанда шығарылатын кәсіпорындардан алып отыр. Осындай серіктестік арқасында көрсеткіштерімізді арттырамыз деген сенімдеміз.

Өткен жылдың қазан айында батысқазақстандық делегация Татарстанға барған еді. Ондағы мақсат - мұнай-газ өнеркәсібіндегі импорт алмастыру бойынша әріптестерінің тәжірибесін зерттеу. Енді бүгін татар делегациясының жауапты сапарында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Алексей САВЕЛЬЧЕВ, ТАТАРСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ САУДА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Қазақстан нарығына қазірдің өзінде әкелініп жатқан өндірістік қондырғылар көп. Алдағы уақытта оны орналастыру мүмкіндігін қарастыру мақсатында бірқатар кәсіпорынмен таныстық. Жалпы форумға қатысқандар арасында Қазақстанның машина жасау компанияларының өкілдері өте көп. 

Бүгінде Қарашығанақта тауарлар мен қызметтердің жергілікті қамту үлесі 70%-ды құрап отыр.

Ә. Өмірзақ