Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Масаншы ауылындағы жағдай тұрақтала бастады

AstanaTV
10.02.2020ж. 20:00
2383
Масаншы ауылындағы жағдай тұрақтала бастады

Қордай ауданы Масаншы ауылындағы жағдай тұрақталды. Қазір жаппай төбелестің салдарынан қиараған нысандарды қалпына келтірілу жұмыстары қолға алынды. Тұрғындар үйлеріне оралып, шығындарын есептеуде. Қақтығыс кезінде сегіз адам қаза тапты. Тағы екеуі ауруханада қайтыс болды. Нысандар өртенген. Қайғылы оқиғамен аяқталған төбелес орын алған Масаншы ауылының қазіргі жағдайы туралы- тілшіміз тарқатады.

Күні кеше өмірі қайнап, сауда орындары жайнап тұрған Масаншының бүгінгі келбеті өртенген үйлер мен көліктерге толы. Қақтығыс кезінде бас сауғалаған тұрғындар үйлеріне оралып жатыр. Қирап қалған мүліктерін жинастырып, өртенген заттарының шығынын есептеуге кіріскен. Көптеген дүкендер әлі жабық. Әлеуметтік маңызы бар нысандар болса жұмысын жалғастыруда.

Бүгін қақтығыс кезінде қаза тапқан ауыл азаматтарының денесін жер қойнына тапсырды. Үкіметтік комиссия мүшелері олардың отбасыларына көңіл айта барды. Әлжан ана ауылының тұрғыны марқұм Дархан Әбдірахым да үйіне көңіл айтты.  Отағасынан айырылған жанұяға үкіметтен көмек көрсетілетінін жеткізді. 25 жасында қыршын кеткен Дархан үйдің жалғыз баласы болған. Оның басына оқ тиіп, оқиға орнында жан тәслім еткен. Марқұмның артында үш баласы қалды.

Бердібек САПАРБАЕВ,  ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз арнайы сол үшін келдік. Үш күн болды осында жүргенімізге. Қазір барлық құқық қорғау органдарына тапсырма берілген.  Олар іздестіріліп жатыр, барлығымыз табамыз. Және оларды жазалаймыз. Себебі атқан адам, адам өлтірген адам жазасын алу керек. Сондықтан соған жұмыс істеп жатырмыз.

Қақтығыс кезінде зардап шеккен 40 адам Қазақстан және Қырғыстандағы ауруханаларда әлі ем алуда. Үкімет комиссиясы емдеу мекемелерінде жатқан науқастардың хәлін сұрап, үкімет тарапынан көмек көрсетілетінін жеткізді.

Сонымен бірге, үкіметтің комиссия мүшелері жанжал кезінде көз жұмғандардың жерлеу рәсіміне қатысты.

Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:

Құзырлы органдардың мәліметінше оқиға 5 ақпан күні ауыл тұрғындары арасындағы кикілжіңнен басталған. Ресми орындардың дерегінше жеңіл көлік пен жүк көлігі жолға таласып қалып, даудың соңы төбелеске ұласқан.

Қазір ауылды арнайы жасақ күзетуде. Көшеде тіршілік бір сәтке тынышталып қалған. Ал, жергілікті билік барлық шығынды өтеп, өртенген мүліктерді қалпына келтіруге уәде берді. Елдің өзге өңірлерінен де гуманитарлық көмектің алғашқы легі келе бастады. 

А. Кемелжан