Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қостанайдағы жолаушы тасымалдаушы компаниялар тарифті 140 теңгеге көтергісі келеді

AstanaTV
11.02.2020ж. 20:00
2848
Қостанайдағы жолаушы тасымалдаушы компаниялар тарифті 140 теңгеге көтергісі келеді

Қостанайда жолаушы тасымалдаушы компаниялар жол құнын 140 теңгеге өсіруді көздейді. Осылайша  автобустарды жаңартпақшы. Қазір шаһарда қоғамдық көлікте жүру құны 80 теңге. Ал, бағатта жүрген қоғамдық көліктер әбден тозған. Қала жұртшылығы болса, жолақының қымбаттауына қарсы. 

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Қостанайдағы қоғамдық көліктердің тоқсан пайыздан астамының тозығы жеткен. Техникалардың көбісі осыдан 20-30 жыл бұрын шығарылған. Автопаркті жаңғыртуға тасымалдаушы компаниялардың қаражаты жоқ.


Жолаушы тасымалдайтын компанияның бірі - «Компания -СТА» серіктестігі. Оларда алпысқа жуық қоғамдық көлік бар. 7 маршурт бойынша жолаушылар тасиды. Кәсіпорындағы көліктер 10 жылдан бері жаңартылмаған. Жаңа автобустар алу үшін жолақы кем дегенде 143 теңгеден төмен болмауы тиіс,-дейді компания басшылығы.

Юрий ПАНАСЕНКО, «Компания-STA» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі тариф техника паркін жаңартпақ түгілі айлық төлеуге, қосалқы бөлшек алуға жетпейді. Біздің компанияға кем дегенде 10-15 жаңа автобус керек. Ал оның құны қымбат. Мәселен Қостанайда құрастырылатын автобустың бағасы 38 миллион теңгеден басталады.

Жалпы қалада алты кәсіпорын жолаушылар тасымалымен айналысады. Төмен тариф пен көне техника көбісін тығыраққа тіреп отыр. Тасымалдаушы компания өкілдері жолақыны өсіруді немесе жергілікті бюджеттен субсидия бөлуді сұрайды. Бірақ қала жұртшылығы тарифтің көтерілуіне қарсы.

Шаһар билігі жуық арада  жолақы өспейді деп сендірді. Ал жолаушы тасымалдаушы компаниялардың мәселелері қарастырылып жатқанын хабарлады.

Әнуарбек ҚАСЫМОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жолаушылар тасымалдауындағы қазіргі тариф биылға өспейді. Ал басқа жағы қарастырылып жатыр. Елбасының қалалық жолаушылар тасымалын қалыпқа келтіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Тарифтік комиссия жұмыс істейді. Тасымалдаушы компаниялар да өз есебін ұсынып жатыр.

Қостанайда қоғамдық көліктердегі жол құны соңғы рет 3 жыл бұрын көтерілген. Қазір жол құны 80 теңге. Оқушылар жарты бағасына жүреді. Мүгедектер мен зейнеткерлерге 10 теңге жеңілдік қарастырылған.

З. Санай,