$498.34 €519.72 ₽4.85
×

ДДСҰ, қоғамдық ұйымдар мен жұртшылықтың қатысуымен денсаулық кодексі талқыланды

AstanaTV
14.02.2020ж. 20:00
2316
ДДСҰ, қоғамдық ұйымдар мен жұртшылықтың қатысуымен денсаулық кодексі талқыланды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және үкіметтк емес ұйымдардың қатысуымен "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексі" талқыланды. Енгізілген жаңашылдыққа сәйкес енді мәйіт туыстарының рұқсатымен ғана донор бола алады. Жүйеге енген өзгерістерді Елжан Біртанов таныстырды. Сондай-ақ ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Ханс Клюгемен кездесті. Тараптар әлемді дүрліктірген коронавирус індетімен күресу жолын талқылап, бірлескен бірнеше құжатқа қол қойды. Енді халықаралық ұйым төтенше жағдай кезінде отандық дәрігерлерге қолдау көрсетпек. Толығырақ тілші материалында.

Шығыстан төнген қауіпті індет әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Қазірдің өзінде коронавирустан 1300-ден астам адам қайтыс болған. Келіссөз кезінде тараптар бұл вирустан емделу үшін вакцина әзірлеу мәселесін сөз етті. Министр Елжан Біртанов дерттің алдын алу мақсатында барқатар шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Ал Дүнижүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілі Ханс Клюге алдағы бірнеше айда жақсы жаңалықтармен бөлісеміз деп отыр.

Ханс КЛЮГЕ, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫ ЕУРОПАЛЫҚ ӨҢІРЛІК БЮРОСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Өткен аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жеке және мемлекеттік ғылыми ұйымдармен жиын өткізді. Басты талқылау осы вакцина әзірлеу шеңберінде өтті. Тек бұл емес, басқа да қауіпті дерттер бар. Оларды емдеу өте маңызды. Сондықтан, барлық жауапты ұйымдар бірлесе қызмет жасауда.

Тараптар жаңадан енген "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне тоқталды. Бұл кодекске көпшілік наразылық танытқан еді. Мыңға жуық өтінім келіп түскен. Көптің көкейінде жүрген өзекті сауалдың бірі - транспалантация мәселесі. Елжан Біртанов енді туыстары келісім бергенде ғана, мәйіт донор бола алады деді.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Трансплантация - заң, медицина, технология ғана емес, үлкен этикалық мәселе. Әрбір мемлекет донорлық мәселесін өз дәстүрі, өз тарихы, өз дайындығы бойынша шешуі керек. «Осыны ескере отырып, біз халық денсаулығы кодексі туралы заң жобасына өзгерістер енгіздік.

Министр Дүниежүзілік ұйыммен бірлесіп, цифрландыруды жандандырамыз деп отыр. Тіпті арнайы комиссия құрылатынын айтты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де назардан тыс қалмады. Халық денсаулығын нығайту үшін, тегін берілетін дәрілердің де саны артпақ.

Ғ. Өтемісов