Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ашылды ма?

AstanaTV
19.02.2020ж. 20:00
3620
Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ашылды ма?

Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ашылды. Бірақ, тек жүк тасымалдайтын көліктерге ғана рұқсат етілмек. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп осылай деді. Енді коронавирус жұқтырған елдерден эвакуацияланатын адамдар үш категория бойынша карантинге жабылмақ. Оқшаулау кезінде ережені бұзған азамат Құқық бұзушылық Әкімшілік кодексімен жауапкершілікке тартылады. Әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

Әлемнің көптеген еліне тарап үлгерген жаңа вирустан көз жұмғандардың саны 1800-ден асты. 74 мыңдай адам індетті жұқтырған. Оның ішінде Жапониядағы лайнерде 621 науқас тіркелді. Diamond Princess кемесінде 4 қазақстандық бары айтылған болатын. Олардың екеуі әйел адам болса, тағы екеуі 8 және 12 жастағы балалар. Елдің Сыртқы істер министрінің айтуынша, отандастарымыздан тест сынамалары алынып, аз уақыттан соң нәтижесін белгілі болмақ. 

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Шығып жерге түсірілетін болады. Жерде қосымша тестілеулер өткізілетін болады. Одан өтсе біздің азаматтарымыз жақынарада, осы күндері Отанға қайтарылатын болады.

Түнгі сағат 12-де жаңа қаулы күшіне енбек. Карантинге жабылған азаматтар қаулыда қарастырылған шарттарды бұзса Құқық бұзушылық әкімшілік кодексінің 462-бабына сай жауапкершілікке тартылады. Яғни, айыппұл төлейді. Бұл жаңалықпен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасов бөлісті.

Нұрқан СӘДУАҚАСОВ, ҚР ДСМ ТАУАРЛАР МЕН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Коронавирустық міндеттің алдын алу бойынша жүргізілетін профилактикалық шаралар күшейтілуде. Осы Қаулыға сай біз сырттан келіп жатқан азаматтарды үш топқа бөліп отырмыз. Яғни, бүгіннен бастап 14 күнге кері шегінсеңіз, 6 ақпаннан бастап, Қытай жерінде болған азаматтар міндетті түрде карантинге жатқызылады. Шарттарды бұзған азаматтар Құқықбұзушылық Әкімшілік кодексінің 462-бабына сай жауапкершілікке тартылады. Егер құқықбұзушылық орын алса, тиісті айыппұлдар белгіленеді.

Бүгін Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ашылуы керек болған. Алайда, уақыты кейінге шегерілді. Денсаулық сақтау министрі Диас Ахметшәріп: бүгіннен бастап тек жүк тасмалдайтын көліктер үшін ғана шекарадан өтуге рұқсат етілді, деді. Әзірге адамдары өткізуге қатаң тиым салыныпты.

Диас АХМЕТШӘРІП, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жүк тасымалы қайта ашылды. Тек қана жүк тасымалы барлық тасмалдау жолдары бойынша шекараға дейін жеткізіледі де біздің жүгіміз шекараға дейін жеткізіледі.одан әрі қарай  Қытай жағы алып кетеді.  Сол сияқты Қытайдан келетін жүктерді біздің шекараға дейін жеткізіп, біздің тарапымыздағы азаматтар әрі қарай алып кетеді. Яғни шекарадан кесіп өту жоқ.

Еске сала кетсем, осы уақытқа дейін Қытайдан 430-дай азамат елге қайтарылған. Олардың жағдай қазір жақсы, барлығы үйлеріне босатылыпты.  Сондай-ақ аспан асты елінде қызмет ететін дипломаттардың отбасы бүгін-ертең елге оралмақ. Ал Уханда қалып қойған екі Қазақстан азаматы ертең Алматыға эвакуацияланбақ. Олар көрсетілген категориялар бойынша уақытша оқшауланатын болады.

А. Данияр