Ішкі істер министрі мемлекеттік-жекеменшік негізінде түрмелер салу жоспары орындалмайтынын айтты. -Өте көп ақша керек, одан да бар түрмелерді жақсылап жөндеу керек, - деді. Түрмелерді мал емес, адам отыратындай ету әрине, маңызды. Әйтсе де ең маңыздысы - олардың ішінде тәртіп орнату, нақты айтсақ – азаптауды болдырмау. Жою. Біздің редакцияға Сергей есімді ер адам келіп, өзі отырған түрмеде әбден азапталғанын айтты. Сол жерде қалған...жолдастарын аяйды. Надзирательдер – бақылаушылар «ауызды скотчпен тұмшалап, аяқ-қолды керіп, фашистер сияқты қорлайтын» дейді. Түрмелердегі, тіпті түрмеге дейін тергеудегі адамдарды азаптаудың шектен шыққанын билік те мойындаған. Әйнектен жасалған тергеу бөлмелерін жабдықтап бастаған. Бірақ адамның конституциялық құқықтары кәдімгі өмірде қорғалмайтын қоғамда... Дәуренбек Бақдәулет жалғастырады.
Сергей:
Фашисттен бетер қорлайды, көрмегеніміз жоқ. Мен де кеуде тұсыма «өлсем кінәлі мынау» деп, кінәлі адамның атын жазған болатынмын. Адам басына бермесін мұндайды. Оларға дұрыс жауап бермесең, не болмаса жүріс тұрысың ұнамай қалса, біттім дей бер. Карантин бөліміне апарады да екі қолыңды қайырып қойып тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, скочпен аузыңды орап тастап соққының астына алады. Соққының астына алғанда да, көгермейтіндей, еш жерің сынбайтындай етіп ұрады. Қарсылық білдірсең бетіңе су төгіп тұншықтырады. Өліп кетсең «тұншығып қалған» - дейді, болды. Қалай тұншыққаныңда ешкімнің шаруасы жоқ.
Мына Сергей есімді азамат Қарағанды облысына қарасты, жақында ғана елдің бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов жатып шыққан Қарабас кентіндегі түрмеде отырған. Босап шыққан ол сол күндерді қорқынышпен еске алады. Бірге отырған, сол жерде қалған азаматтар үшін алаңдаулы. Түрмеде отырған кезінде өз-өзіне 3 мәрте қол салмақ болған.
Сергей:
Мен 3-4 мәрте өз өзіме қол салғым келді. Олар сол жерде байқап қалып, аман алып қалып жүрді. Себебі барлығы бейне бақылау арқылы қаралып отырады ғой. Бірде мені мүлде байқамай қалған болатын. Анандай азаптауда өмір сүргім келмеді - алдым да өз өкпемді өзім тесіп жібердім. Олар мені жақын арадағы Абай қаласының ауыруханасына алып кетті. Сол жерде жанымды алып қалды. Кей кейде өліп те кетіп жатады, бірақ оны ешкім дәлелдей алмайды. Үйінен хат келген деп, не болмаса басқа сылтау айтып жылы жауып қояды.
Түрмедегілерді «құдайдың құтты күнінде» таяқтау – бар нәрсе. Соны тыю үшін түрмедегі бақылаушылардың киіміне камера тағып қою ұсынысы айтылған болатын.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
12 сағат жазылып тұрса өз-өзіне қорғаныш болады, екіншіден, тәртіпті сақтауға, адамдардың құқығын бұзбауға үлкен бір септігін әкеледі деп ойлаймыз.
Алайда бұл ұсыныс іске асатын түрі жоқ секілді. Ал былтыр енгізілген «Азаптаусыз қоғамға қарай» жобасының аясында әйнектен жасалған тергеу бөлмелерінің саны көбейіпті. Тергеу кезінде полицейлердің жауап берушіні ұрып-соқпауы, қылмысты жасамаған адамның мойнына артып жібермеуі үшін – яғни құқық қорғаушылардың қылмысын тоқтату үшін шыны кабинеттер жабдықтау басталған етін.
Еркін Сеитов, ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау департаменті басқармасының аға прокуроры:
Бас прокуратураның нұсқаулары арқасында 6 ай ішінде жауап алуға арналған 340 кабинет жабдықталған болатын. Астана - 4, Алматыда - 11, Қостанай облысында - 71, Шығыс Қазақстанда - 50, Онтүстік Қазақстанда - 44, өңірлерде қазір тендерлер жүргізіліп жатыр. Олар аяқталған соң, азаматтардың құқығын қорғауға арналған кабинеттер саны көбейеді.
Әйтсе де күдікті ретінде ұсталған азаматтарды аяусыз ұрып –соғу арқылы «мойындату», тыйылар емес. Мәселен, күдікке іліккен ақтөбелік азаматтың жары Арина әділдік таппай жүр. Оның айтуынша, күйеуі төбелесіп жатқан азаматтарды айырмақ болады. Алайда куәгерден күдіктіге қалай айналғанын өзі білмей қалған. 2 ай тергеу кезінде көрместің күнін көріпті. Ақыры түрмеден қашып шығып, жергілікті прокуратура ғимаратына беттейді. Ондағыларға түрмедегі шенділер тарапынан қысым көргенін айтқан. Тексеру нәтижесінде түрме бастығының орынбасары 3 жыл 6 айға, тағы екі қызметкер 3 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал, өзіне қатысты іс әлі жалғасып келеді.
Арина Нұғманова, Ақтөбелік «күдікті» деп танылған азаматтың жұбайы:
Бас прокуратураға жазып, республикалық деңгейде көтергеннен басқа амал қалмады. Біз таққан айыппен келіспейміз. Мұнда құқық қорғау орган өкілдерінің өрескел қатесі бар. 2 ай қамалған күйеуімнің ісін судья қарап, үшінші жақ болмаса, оны тергеу изоляторына қамамай -ақ, үй қамақта ұстауға болар еді ғой деген. Тергеуде жатқан кезінде ол лезвиямен кеудесіне «менің өліміме кінәлі - тергеуші Кәртименов»-деп жазып, өлмек те болған. Өзінің кінәлі емес екенін дәлелдегісі келген болатын. Қазір әлі де соны дәлелдеу үшін шапқылап жүрміз.
Қылмыс жасаған адамдармен жұмыс істеудің өз ауырлығы бар екені даусыз. Бірақ адамды азаптауға ешкімнің қақысы жоқ. Тек өткен жылы сондай қылмыс жасағаны үшін 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде түрмедегілерді мансұқ етіп жүріп, өзі де түрмеге қамалып кеткендер бар.
Еркін Сеитов, ҚР Бас прокуратурасының қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау департаменті басқармасының аға прокуроры:
Жалпы, 2016 жыл ішінде азаптау үшін 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, ағымдағы жылда 24 қызметкер жауапкершілікке тартылған. Аталған сандар азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың саны 5% көбейгенін көрсетеді.
Дәуренбек Бақдәулет, тілші:
Түзету мекемелерінен адамдардың көп ретте «түзеліп» шықпайтынын бәрі біледі. Деректерге қарасақ, сотталғандардың көбі түрмеге екінші, тіпті үшінші мәрте қайта отырады. Сондай-ақ, түрмедегі ¤кәмелетке толмағандар саны жыл басында 120 болған. Оның 20- ға жуығы қыз балалар.
Сабақтас тағы бір тақырып – жақында Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов жоспарлағандай, мемлекеттік – жекеменшік негізінде түрмелер салынбайтынын айтты. Себебі бюджет көтере алмайды. Одан да бар түрмелерді жөндеп, реконструкциялау керек, - деді.
Бауыржан Әмірбеков, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті тылдық қамтамасыз ету басқармасының аға инспекторы:
Бүгінгі күні алғашқы пилоттық жобамыз Алматы қалалық ЛА 155/14 мекемесі әйелдер мекемесіне, ондағы лимиттік сан 550 орын болса, жобаға сәйкес 14 жаңа құрылыс салу жоспары бар.
Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, сотталған бір адамға тиісті норма – екi жарым шаршы метрден, әйелдердi ұстауға арналған мекемелерде – үш шаршы метрден, кәмелетке толмағандар үшін – үш жарым шаршы метрден кем болмауы керек. Біздің елде бұл нормалар сақталған көрінеді. Министр айтқандай, күрделі жөндеу басталса, түрменің сырты бүтінделер-ау, бірақ ішкі жағдай ше? Азаптау азая ма?..
Дәуренбек Бақдәулет «Біздің уақыт».