$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қыз-келіншектер көбейіп келеді

AstanaTV
04.03.2020ж. 20:00
3676
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қыз-келіншектер көбейіп келеді

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары азаймай отыр. Қызылордағы дағдарыс орталығыны 40 адамға арналғанымен, онда келетіндер одан көп. Тіпті қарттардың да пана іздейтіні, қалыпты жағдайға айналған. Мамандарды алаңдатып отырғаны бұл ғана емес. Олар отбасындағы түрлі кикілжіңді көрген балаларға да арнайы көмек қажет дейді.

Қызылордалық мына келіншек баласын қолтығына қысып түн ішінде үйден кетіп қалған. Ол бетін жасыруымызды өтінді. Ұялғаннан емес, қорыққанынан. Жақынынан түңілген жас ана, өткенін ойласа етегі жасқа толады. Айтуынша 2 жарым жастағы баласын, әкесінің ағасы азаптаған. 

"ҚАМҚОРЛЫҚ" ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ:

Баламның қолын күйдірді, аяғына пышақ тығып алды, білгендерін істеді. Бір түннің ішінде кетіп қалдым ештенесіз. Сосын бір күн далада вокзалда қондық. Негізі келгенде ешқандай документ, ештене болған жоқ менің қолымда. Осы жақтағы қызметкерлер,көмектесіп, ұлымның, өзімнің документтердің барлығын істеп берді.

Ал, жасы 52-ге қараған Анар Ақсақалова бүкіл отбасымен орталықта тұрып жатыр. Күйеу баласы қызын балаларымен ғана емес, өзін де үйден қуып жіберген.
 
Анар АҚСАҚАЛОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күйеу балам қол көтерген қызыма. Арақ ішеді, қазір жұмыстан шығып қалған. Мағанда қол көтерген ауылда жүргенде, басымнан ұрған. Осы қамқорлық орталығында кісілер маған көп көмектескен. Рахмет айтқым келеді оларға. Далада қалғанымда туған-туысқандарымнан жақын болған. Есімізді жидық.

Орталық 40 адамға арналып салынған. Бірақ 60 жанға пана болып отыр. Жыл басталғалы далада қалған 84 панасызға көмек көрсетіпті. Мамандар олардың жүйкесін тыныштандырып, құжаттарын реттеуге жәрдем береді. Түрлі курстарға оқытып, жұмыс табуына сеп болады. Сорақысы, орталықты қариялар да паналайтын болған.  

Жандос ТҰСМАҒАМБЕТОВ, «ҚАМҚОРЛЫҚ» ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Өкінішке орай, сексендегі, жетпістен асқан біздің әже мен аталарымыз біздің орталықты паналаған кездері болды. Әр қайсының отбасы бар, балдары бар.  Біреулер, мысалы, санаторий деп әкеліп тастайды.  Біздің екі қарт кісіміз қарттар үйіне жібердік.

Сондай-ақ, мамандар тағдыр тәлкегімен дағдарыс орталығына түсетіндердің  балалары үшін алаңдайды. Мысалы, жыл басынан бері 57 бала тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны саналған. Отбасындағы ұрыс, маскүнемдік, ересектердің жанжалын көріп өскен балаларға арнайы бағдарлама дайын. Енді арнайы оналту орталығын ашу үшін облыс басшыларынан жауап күтеді.

Ш. Сақтапова