Ел экономикасына қауіп төнсе, Ұлттық қордан қаржы сұратуымыз мүмкін. Экономика министрі Руслан Даленов- Үкімет қабырғасында осылай деді. Айтуынша, Ұлттық қорда- қазір 27 трлн теңге жинақталған. Жыл сайын соның 2,7 трлн теңгесі- ел бюджетіне жұмсалады. Бүгінгі Үкіметтің кезекті отырысы- елдегі доллар бағасының күрт өсуіне арналды. Бұл экономикалық жағдай- қандай секторларға әсер етуі мүмкін? Тілшіміз тарқатады.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Күні кеше Қазақстандағы ақша айырбастау пунктерінде доллар бағасы 400-теңгеге дейін жетті. АҚШ валютасының шарықтауы мұнай бағасының күрт төмендеуінен болып отыр. ОПЕК келісімінен Сауд Арабиясы мен Ресей шыққаннан кейін әлемдік нарықтағы қара алтынның бағасы 55 доллардан 30 долларға дейін күрт түсіп кетті.
Бұл соңғы төрт жылдағы ең төменгі шекті көрсеткіш. Дегенмен, доллар бағамының көтерілгенін әр тұрғын әр түрлі қабылдапты.
БЛИЦ:
- Кеше естідік. Курс бүгін 390-нан асып тұр. Оны қадағаламаса, тағы да өседі. Ақшаны қай валютада сақтау керектігін де білмейсің.
- Менің асып тасып жатқан ақшам жоқ. Сол үшін маған аса қатты әсер ете қойған жоқ.
Алайда, доллардың шарықтауы елге ғана, әлем экономикасына айтарлықтай әсер етіп отыр. Жағдай күрделі деген Үкімет басшысы Асқар Мамин қарамағындағыларға шұғыл тапсырма жүктеп, бағаны тұрақтандыру үшін арнайы штаб құрды. Валютаның құбылуы елдегі азық-түліктің қымбаттауына алып келуі мүмкін. Мұны министрлер де жасырмайды.
Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР ТАУАР ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
Қымбаттауы мүмкін. Бірақ, ол импортқа байланысты. Алдағы импортқа байланысты болады.
Руслан ДАЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Елдегі тұтынатын тауарлардың дені - отандық ауыл шаруашылық өнімдері. Сондықтан азық-түлік қымбаттамауы тиіс. Азық-түлік бағасына маусымдық жағдайлар, бәсекелестіктің болмауы немесе ымыраласа алмау әсер етуі мүмкін.
Мұнай бағасы түскенімен, Қазақстан қара алтын өндіру көлемін қысқартуды жоспарлап отырған жоқ. Осылай деген Энергетика министрі бензиннің де бағасы құбылуы мүмкін деген пікірді жоққа шығарды. Жанар-жағармай құны ұсыныс пен сұранысқа байланысты. Мемлекет оған араласпайды, деді.
Нұрлан НОҒАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Бензиннің бағасы еркін айналымда. Нарықтық шарттар реттейд өзі.Өзіміздің нақты жоспарларымыз бар. ОПЕК-тің ұстанымдары - бізге ұсыныс ретінде ғана келіп отыр. Жалпы әлемде болып жатқан бағаларды ұстанып, келісіп, ОПЕК-тің мүшелерімен келісіп, ықпал ететін жағдайдар болды. Ал қазіргі таңда бізде жоспарды өзгертетін ой жоқ.
Доллар бағамының өсуі ел бюджетіне де әсер етпей қоймады. Үкімет басшысы шығын көлемін тағы да қысқарту туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, Асқар Мамин инфляция деңгейінің өсуі әлеуметтік секторларға әсер етпеуі тиіс екенін жеткізді. Зейнетақы, жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмектер уақытылы төленеді деді.
Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Өткен жылдары мұнай бағасы 30 доллардан да төмен түскен еді. Сол кезде Қазақстан бюджеті мұны өте оңай және жылдам еңсерді. Дағдарысқа қарсы жоспар дер кезінде қабылданды. Бұл Қазақстан бюджеті үшін қатты қауіпті емес.
Ал қиындықты еңсере алмай қалған жағдайда, Үкімет ұлттық қордағы қаржыға қол сұғуы мүмкін. Қордағы қаржы көлемі шамамен 27 трлн теңге. Жыл сайын одан ел бюджетіне 2,7 триллион ақша сұралады.
Руслан ДАЛЕНОВ, ҚР ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Түрлі сценарийге дайынбыз. Қажет болған жағдайда, біз қосымша қаражат бөлу мәселесі қаралатын Ұлттық Қорды басқару кеңесіне жүгінеміз. Бұл мәселелер ашық түрде көпшілік алдында талқыланады. Олар бюджет жобасында көрсетіледі. Қазіргі сценарий бойынша оның қажеттілігі жоқ.
Экономист Бауыржан Ысқақов, мұны уақытша құбылыс деп болжайды. Әрі бұл жағдай Қазақстанның әлі де болса экспортқа, соның ішінде шикізат экспортына тәуелді екенін анық көрсетті дейді.
Бауыржан ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
34-35 долларға дейін төмендеп кетуінің өзі ел экономикасының мұндай өзгерістерге дайын еместігін көрсетті. Ал бұл тәуелділіктен арылудың ең төте жолы, мына шағын және орта бизнесті дамыту. Сырттан келген заттарды Қазақстан өзі ұсынбайынша, біз сыртқы экономикалық факторлардың құрбанына айналып кете береміз.
Кешегі дүрбелеңнен кейін бүгін 30 долларға дейін түскен баррель бағасы біртіндеп өсе бастады. Ол қазір 35,36 долларды құрайды. Сарапшылар 18 наурызда өтетін ОПЕК-тің техникалық комитетінің жиынын күту керек деп отыр. Сол кезде мұнайдың тағдыры белгілі болады.
А. Мүтәлі