Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 36-ға жетті - ҚР ДСМ

AstanaTV
18.03.2020ж. 20:00
2336
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 36-ға жетті - ҚР ДСМ

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 36-ға жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Бүгін анықталған 3 науқас та Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер емделушілердің денсаулық жағдайы "жақсы" деп бағамдап отыр. Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Бүгін коронавирус кеселін жұқтырғандар саны көбейді. Дерттің белгілері байқалған 22 жастағы алматылық, жұқпалы аурулар аурханасына өзі барған. Студенттен қан сынамасы алынып, жедел түрде оқшауланыпты. Онымен байланыста болған туыстары да қазір карантинге жатқызылды. 

Диас АХМЕТШӘРІП, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Коронавирус індетін жұқтырған тағы 2 азамат тіркелді. Оның біріншісі - 1998 жылғы қыз бала, студент. Ыстамбұл-Алматы рейс арқылы 15 наурызда ұшып келген болатын Алматы қаласына. Екіншісі -  1974 жылғы әйел адам 10 наурыз күні Мәскеуден ұшып келді. Екеуі де қазір стационарда ем қабылдауда, жағдайлары жақсы.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, инфекция жұқтырғаны кеше анықталған 2 жастағы баланың анасы да ем қабылдап жатыр. Оның да ағзасынан қауіпті вирустың белгілері табылыпты. 

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Екі жастағы қыз бала анасымен бірге ем алып жатыр, анасынан да коронавирус инфекциясы табылды. Алматыда ем алып жатқан 17 адамның да жағдайы қанағаттанарлық. Жергілікті жұқпалы аурулар ауруханасында  - 14, балалар инфекциялық ауруханасында 3 науқас бар. Ешбір науқас қолдан демалдыру аппаратын пайдаланып жатқан жоқ.


Сондай-ақ коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар күшейтілген. Нұр-Сұлтан қаласындағы адамдар көп жиналатын орындарда дезинфекциялау шараларын жүргізу ұйымдастырылған.

COVID-19 кеселіне шалдыққандардың саны Нұр-Сұлтанда - 18, Алматыда - 18. Жалпы саны 36 науқасқа жетті. Министрлік берген соңғы мағлұматтарға сүйенсек 1536 адам станционарлық карантинде, 1094 адам үй жағдайында оқшауланған.

Денсаулық сақтау министрілігі қауіпсіздік шаралары мен гигиеналық талаптарды қатаң сақтау керегін ескертеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар деді. Әрі халықтың сабыр сақтап, тәртіпке бағынуға шақырған болатын. "Сақтансаң, сақтаймын" деген қағиданың барын да естен шығармағаныңыз абзал!

А. Данияр