Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорынан коронавируспен күреске 200 миллион теңге бөлінеді

AstanaTV
18.03.2020ж. 20:00
2311
Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорынан коронавируспен күреске 200 миллион теңге бөлінеді

Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорынан коронавируспен күреске 200 миллион теңге бөлінді. Нұрсұлтан Назарбаев бүгін осындай пәрмен берді. Бұл туралы Тұңғыш Президент - Елбасының ресми сайты хабар таратты. Қаражат Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары әкімдіктері арасында теңдей бөлінбек. Бұл қаржы дәрігерлерге сыйақы беруге, қосымша медициналық бетперделер мен дезинфекциялау құралдарын сатып алуға  жұмсалмақ. Сондай-ақ, елордадағы балалар үйлері мен мамандандырылған ауруханаларды азық-түлікпен қамту да жоспарланып отыр. Қор басшылығы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 50 мың медициналық бетперде тапсырды. Жалпы, елдегі ахуал Елбасының жіті бақылауында.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде Қазақстанда эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүзеге асып жатыр. Бұл әрекеттер қазіргі ахуалға сай және дер кезінде қолға алынды. Мемлекет теңдессіз шараларды қабылдап отыр. Қауіпті індетпен күресте отандық бизнес те қолдан келгенше көмектесуде. Мен бұл бастаманы қолдап, әлеуметтік жауапкершілік танытуға және біздің қоғамның бірлігін көрсетуге шақырамын. Біз барлық сынақтан сүрінбей өтеміз. Біз біргеміз!

Елбасының тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы да 150 млн теңге бөлді. Бұл қаржыға карантин жарияланған қалалардағы жалғыз басты қарттарға, мүгедектер мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға атаулы көмек көрсетуге бағытталмақ. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram парақшасында жариялады.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл қаржыға медициналық маска, зарарсыздандыру заттары мен өзге де қажетті тауарлар сатып алынып, нұротандықтар мен «Jas Otan» волонтерлері халықтың тұрмысы төмен әлеуметтік тобына үлестіреді. Қазір карантин жарияланған екі қаладағы жедел штабтарға көмек көрсету үшін еріктілердің ықшам топтары жасақталуда. «Nur Otan» партиясының мүшелері де ортақ іске, бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады.

Е. Карин