Елордадағы көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Байқоңыр ауданындағы 13 қабатты үйдің тұрындары баспанасыз қаламыз ба деп алаңдайды. Ғимарат құрылысымен айналысқан мекеме бірнеше жылдан бері жұмысын тоқтатқан деп отыр. Жауапты мекемелерден көмек ала алмаған пәтер иелері, арнамызға хабарласты. Әріптесім, Ғалымжан Өтемісов мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
200-ге жуық отбасы мекендейтін тұрғын үйдің қабырғасы сыр бере бастағалы қашан. Әліби Балқожановтың осында тұрып жатқанына 2 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында ғимарат ешқандай жөндеу көрмеді дейді. Әуелде кішкентай ғана болған жарық, күн өткен сайын үлкейгенін айтады. Тіпті бір емес, бірнеше жерден саңылау таба аласыз деп отыр. Балаларының болашағына алаңдайтын ол, қабырға ақыр аяғы опырылып тынды дейді.
Әліби БАЛҚОЖАНОВ, ТҰРҒЫН:
Бұл үйдің алды ғана емес, арты да құлап жатыр. Мұның қабырғаларын көріп үрей билейді. Неге десеңіз балалар ойнайды, машиналар тұрады деген сияқты. Мынау енді жақсы емес.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
2006 жылы салынған мына ғимараттың қабырғалары бұған дейін де шытынап, құлаған. Бүгін де таңғы сағат 10:00 де үйдің қабырғасы опырылып түскен. Дәл қазір төтенше жағдай қызметкерлері қалған кірпіштерді де құлатып жатыр. Осылайша тұрғындарды жазым болудан сақтаймыз деп отыр.
Апат айтып келмейді. Кірпіштер құлаған кезде Дәметкен Сағидоллақызы осы маңнан өтіп бара жатыпты. Абырой болғанда өміріне төнген қатерден қашып үлгерген. Алайда үрейленіп қалған ол мәселенің тезірек шешілгенін қалайды.
Дәметкен САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:
Жақында үйдің арт жағы да, Жұбанов жағында да қабырға құлап, осындай қызыл лента қойып еді. Қазір ол да жоқ.
Сыны мен сыры кеткен үйдің қазіргі ахуалы осы. Тек бұл емес, шатырынан да су кетеді. Жыртығын жамай алмай жүрген халық жауаптылардан да көмек сұраған. Ал КСК мамандары құрылыспен айналысқан мердігерлік компания қазір жұмыс істемейтін айтты. Енді бар сенеріміз әкімдік деп отыр.
Уалихан АСЫЛҚОЖАНОВ, ПИК БАСШЫСЫ:
Бұл үй бұрыннан бері апатты жағдайда. «Техно-импорт» серіктестігі салған. Бірақ, олар банкротқа ұшырағанына біраз жыл болды. Сондықтан ешкімнен талап ете алмаймыз. Әкімдіктен көмек сұрап көреміз, тұрғындар да қаражат жинауы керек. Қалай шешетініміз әлі белгісіз.
Тұрғындардың үміті - әкімдік. Алайда Байқоңыр ауданы әкімдігінің мамандары үйді қалпына келтіруге мемлекет тарапынан ешқандай көмек берілмейтінін жеткізді.
Рүстем ӘБДІРАШЕВ, БАЙҚОҢЫР АУДАНЫ ТІРШІЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Төтенше жағдай қызметкерлерімен бірігіп бөлшектеу жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Енді техникалық тексеру жүргіземіз. Ғимараттың тозу дәрежесін анықтаған соң әрі қарай қандай шешім қабыладанатыны белгілі болады.
Тұрғын үйге қатысты қандай шара қабылданатын әзір белгісіз. Мамандар жөндеу жұмыстарына тұрғындардың өздері қаражат жинауы керек деп отыр.
Ғ. Өтемісов