Елдегі төтенше жағдай тәртібін бұзған жүзге жуық адам жауапқа тартылып, 64-і қамауға алынды. Олардың дені - кешкі сағат оннан кейін той-томалақ өткізген тойханалар мен дәмханалардың қожайындары. Көпке ортақ тәртіпті аяқасты қылған кәсіпкерлердің алды бірнеше тәулікке қамалса, енді біріне ірі мөлшерде айыппұл салынған.
Құзырлы орган өкілдерінен жасақталған тексерушілер тәртіп бұзған дәмханаға дөп түсті. Сағат тілі түнгі оннан асса да, бұл жердегілер әлі жайбарақат. Ал қожайыны жаздым-жаңылдым деп ақталды.
Алтынбек РАЙЫМҚҰЛОВ, КӘСІПКЕР:
Мен ТЖ болып жатқанын білгенмін. Бірақ мен шынымды айтқанда уведомление күткенмін. Қасымыздағы кафелердің бәріне берді. Менде әдейі жұмыс жасап, байып кетейін дейтін корыстные мысли болған жоқ. обогатиться не было намерении. Бүгіннен бастап, онға шейін жұмыс істейміз.
Роза ХАСЕНОВА, ОРАЛ қ. ТАУАРЛАР ЖӘНЕ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Елге ортақ талап бойынша, қоғамдық орындар кешкі сағат онға дейін ғана жұмыс істеуі керек. Бірақ мына дәмхана оған қарамастан жұмыс істеп тұр. Полициямен бірге акт толтырдық. Енді жиналған материал сотқа жіберіледі.
Оралда төтенше жағдай тәртібін сақтамай, 150 адамға той жасаған 8 мейрамхана иесі қамалды. Өзіне осындай айып тағылғанына келіспеген павлодарлықтар да сотқа шағымданыпты. Бұл өңірде де ескертуге құлақ аспаған 14 кәсіпкер 5 тәулікке қамалды. Қалғандары айыппұлмен құтылды.
Жасқайрат ҚАЙЫРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Аппеляцияға 3 адам берді. Аппеляция ешқандай өзгеріс болған жоқ. Сол 5 сутка қамауда қалатын болды.
Тәртіп бұзғандардың үстінен әкімшілік кодекстің 476 бабы бойынша іс қозғалады. Кінәліге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Төтенше жағдай талабына қарамастан, елімізде той-томалақ тыйылар емес. Дәмханалар мен интернет-клубтар, тіпті балалар үйірмелері бұрынғыша жұмыс істеп жатыр. Бүгінде осындай 313 дерек анықталып, 64 адам қамауға алынды. Ал Оралда коронавирус таралды деп елді дүрліктірген әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді оның жеті жылға сотталуы мүмкін.
Е. Карин