$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Шымкентте сақтық шаралары күшейтіле бастады

AstanaTV
27.03.2020ж. 20:00
2420
Шымкентте сақтық шаралары күшейтіле бастады

Шымкентте коронавирус инфекциясы таралмауы үшін қосымша қауіпсіздік шаралары күшейтіле бастады. Негізінен қоғамдық тамақтану орындары, сауда орталығы сынды нысандардың жұмыстарына шектеу енгізілмек. Мегаполисте тағы қандай жұмыстар атқарылуда? Келесі бейнематериалда толығырық.

Шымкентте бірінші кезекте әуежай, теміржол вокзалының жұмысы толық тоқтатылады. Сонымен қатар автокөлік базарлары, азық-түлік жәрмеңкелері, мобильді телефон сататын дүкендер сауданы қоя тұрмақ. Төтенше жағдай режиміне сәйкес қосымша шектеулер бүгін түңгі 12-ден бастап енгізіледі.   

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл ретте, қала тұрғындары мен қонақтарына, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарға меншік түріне қарамастан барлық жайларда, тұрғын үйлерде және аумақтарда, діни нысандарда жеке, отбасылық, еске алу іс-шараларын және басқа да салтанаттар, жиындар өткізуге қатаң тыйым салынады. Барлық сауда нысандары өз тауарлары мен қызметтерін сатуда онлайн режимге көшуді ұсынамын.


Бұған дейін қызметіне шектеу енгізілген нысандарда, келушілер мен сатушылар үшін медициналық бет перделерді киюді талап етілмек. Жалпы санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейту талап етілді. Сонымен қатар, мал базарлары тек жексенбі күні, сағат 11-ден кешкі беске дейін жұмыс істейтін болады. Қаладағы дәмхана мен мейрамхана сынды қоғамдық тамақтану орындары да кешкі алтыдан кешікпей жабылуы тиіс.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ал, сағат 18-ден 22-ге дейін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын «тағамдарды үйге жеткізу және өзімен алып кету» режимінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, тамақтану орындары кіреберісте клиенттердің температурасын бақылауға және қолдарын санитарлық өңдеуге міндетті. Клиенттерді «келушілер арасында бір бос үстел қашықтығы» форматы бойынша, залда 50 адамнан аспай отырғызуға міндетті.

Шымкент қаласы аумағына келіп кетушілердің уақыты да белгіленді. Кешкі тоғыздан таңғы сағат 7-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіріп шығуына тыйым салынбақ.  Қалаға тек транзиттік және азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктер ғана кедергісіз кіреді. Ал, қоғамдық көліктер, кешкі сағат тоғыздан қалмай тоқтайды. Еске салайын, Шымкентте екі адамнан індет анықталған. Олардың денсаулығы тұрақты. Бұл азаматтармен байланыста болған тағы 26 адамнан тест-сынамалары алынған.

А. Төребекқызы