Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» облыстық филиалының төрағасы болды

AstanaTV
08.04.2020ж. 20:00
2960
Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» облыстық филиалының төрағасы болды

«Nur Otan» партиясының мүшелері де қиындықтан шығуға барлық күш жігерін жұмылдыру қажет. Мұны бүгін Елбасы өзінің мақаласында айтқан болатын. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, аймақтардағы филиалдарды осы бағыттағы жұмыстарын пысықтауға шақырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы шараларының орындалуын партиялықтар қатаң бақылауы қажет екенін ескертті. Бұл жайында ол Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына онлайн қосылған кезде айтты. Айта кетейік, дәл осы жиында Гүлшара Әбдіқалықова «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына төрағасы болды.

Аймақтың кезектен тыс конференциясына "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек онлайн байланыс арқылы қосылды. Ол елдегі қазіргі ахуалға тоқталды. Партияның да қызметі уақыт талабына сай қайта бағдарланғанын айтты. Мұқтаж жандарға қол ұшын созуға, дағдарысқа қарсы шаралардың орындалуын қадағалауға нұротандықтар да бір кісідей ат салысып жатқанын еске салды. 

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасы бүгін жарық көрген мақаласында «Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. «Nur Otan» партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс», - деп қадап тұрып тапсырды.

Қазір партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңестерінің жұмысы күшейтілген. Барлық өңірлік «Birgemiz» қорларында жұмыс қызған.  Тек Қызылорда облысының өзінде 2 мыңдай отбасыға көмек беріліпті. Бауыржан Байбек бұл жиында жуырда ғана облысқа әкім болып тағайындалған Гүлшара Әбдіқалықованы өңірлік партия төрағасы болуға ұсынды.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біздің алдымызда ең бірінші кезекте, Елбасы атап өткендей, партияның барлық ресурстарын президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылатын жұмыстарға бағыттау міндеті тұр. Сондықтан партия үшін ең маңызды мәселе - осындай қиын кезеңде халықпен бірге болып, оларға барынша қолдау көрсету.

Қазір партияның барлық қоғамдық қабылдау жұмыстары уақытша тоқталып, онлайн режимге көшірілді.  Бауыржан Байбек жаңа жүйе арқылы өтініш берушілердің 2 есе артқанын айтады. Фейсбук, инстаграмнан 4 есе көп хат түссе, ал WhatsApp желісінен келетін өтініш саны 7 есеге көбейген. Партия төрағасының бірінші орынбасары әрбір мәселе бойынша тиісті тапсырмалар берілгенін жеткізді. Айта өтейік, партия Төрағасының Бірінші орынбасары осы күнге дейін облыстар мен шалғай ауылдарды аралап, өңірлердің жай-күйімен танысып шыққан еді. Жарты жылдың өзінде Қызылорда облысының бірқатар аудандарында екі рет болып, тұрғындармен кездескен.

А. Мүтәлі