Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда коронавирустан 7-нші өлім жағдайы тіркелді, - ҚР ДСМ

AstanaTV
08.04.2020ж. 20:00
2500
Қазақстанда коронавирустан 7-нші өлім жағдайы тіркелді, - ҚР ДСМ

Коронавирустан 7-нші өлім жағдайы тіркелді. Ол Ақмола облысының 92 жастағы тұрғыны. Бұрын вирус жұқтырған азаматпен байланыста болған. Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшысы хабарлады. Бұдан бөлек бүгін елордаға індетті жедел анықтайтын тест жеткізілді. Оны кімдер пайдалана алады? Тексеру ақысы қанша? Әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

COVID-19 пандемиясы тағы бір отандасымыздың өмірін жалмады. Ол Целиноград ауданының 1929 жылғы тұрғыны. Айта кетейін, бұл Ақмола облысындағы 3-ші өлім жағдайы. Марқұм 4-сәуірде індеттің құрбаны болған 73 жастағы ер адаммен байланыста болған. Короновирустық инфекция диагнозы 7 сәуірде мәйітті сойып-тексеру кезінде анықталыпты.

Сүлен ІЛИЯСОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Науқас артериялық гипертензия, 2016 жылдан бастап ортан жілік мойынының сынығы болған.  ДЭП синдромы, Паркинсионизма, жүректің ишемиялық ауруы, стенокардиялық кернеу, созылмалы бронхит диагноздарымен дәрігерлердің  тiркеуінде болған.

Бүгін коронавирусқа алынған сынамалар арасынан 12 азаматтыңкы оң нәтиже көрсеткен. Жалпы республика бойынша вирус жұқтырғандар 709 адамға жетіп отыр. Сауығып шыққандар саны: 54. Сәуле Қисықова елордалық 5 науқастың жағдайы ауыр екендігін айтты. Сондай-ақ вирустың таралуына тосқауыл болу үшін эксперсс-тесттер жеткізіліпті.

Сәуле ҚИСЫҚОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Тестілеу бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша өткізіледі. Тексерістен ең бірінші коронавируспен күрес шараларының қасында жүрген мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері тест тапсырады. Сосын диспансерде жатқан науқастар мен медицина мамандары тестілеуден өтеді.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия инфекциялық аурухана салу туралы шешім қабылдаған болатын. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында мобильді жедел құрастырылатын нысандардың құрылысы басталған. 

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Дәл қазіргі уақытта  Нұр-Сұлтан қаласындағы инфекциялық аурухананың құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Бұл аурухана 20 науқасқа арналған, 20 реанимациялық бөлімде қоспағанда. Мұнда 10 блок бар, әр блок 20 адамға шақталған.  Құрылыс жұмыстары жақын арада бітеді деп жоспарлануда. Жалпы, бұл індеттің көзі жойылғаннан кейін аурухана кәдімгі медициналық мекеме ретінде жұмысын әрі қарайда жалғастыра беретін болады.

Құрылыс аймағында 300-ден астам адам мен 100 техника 2 ауысымда жұмыс істеп жатыр. Жоспар бойынша емдеу орталығы 1 қабаттан тұрады, әр палата тек 1 адамға арналған.

Есен ЕСЕНӘЛИЕВ, ЖҰМЫСШЫ:

Сапасы жағынан бұл темір бетон конструкциясы бетонмен салынып жатқаннан соң ұзақ мерзімді болады.  Бүкіл ауа райының жағдайы ескеріліп салынған. Дәл қазір блоктарды монтаждау дейді. Блоктарды құрастырып жатыр.

Аурухана биохимиялық зертханалар мен рентген кабинеттері, компьютерлік томографиялармен қамтылмақ. Нысан 20 сәуірде аяқталуы тиіс.

А. Данияр