$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Шымкенттегі банк бөлімшелері онлайн жұмысқа көшті

AstanaTV
13.04.2020ж. 20:00
3407
Шымкенттегі банк бөлімшелері онлайн жұмысқа көшті

Шымкенттіктер төтенше жағдай кезінде төленіп жатқан әлеуметтік төлемдерді ендігі жерде үйінен шықпай-ақ ала алады. Екінші деңгейлі банк филиалдары толықтай онлайн тәсіліне көше бастады. Айта кетейік, қалада 42 мың 500 теңге төлемақыға тездетіп қол жеткізгісі келгендер әлі күнге банк жағалап жүр. Сондықтан қаржылық құрылым өкілдері өз ұсыныстарымен бөлісті.

Онлайнға көшудің басты мақсаты карантинге қарамастан банк жағалағандардың қатарын сирету. Шымкенттегі қаржы нарығын реттеу және дамыту басқармасының өкілдері қауіптің алдын алып, барынша сақтық шараларын күшейткендерін айтты. Дегенмен шот ашу үшін банкке келіп жатқандардың қарасы қалың. Сондықтан қаржылық құрылым өкілдері санитарлық талаптарды барынша оңтайландыра бастағандарын жеткізді.

Абылғазы ҚАЛНАЗАРОВ, ҚР «ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ» ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
    
Бұл бойынша қазір біз екінші деңгейлі банктердің бәріне хат жолдаған болатынбыз өзіміздің тарапымыздан. Ол жерде разметка сызып, жеке тұлғаларды және заңды тұлғаларға қызмет көрсеткен уақытысында арақашықты сақтап, санитарлық нормаларды сақтап қызмет көрсету туралы хат жолдаған болатынбыз. Ол талаптардың бәрі банк тарапынан сақталып жатыр.         
                                                                              
Қазір карточкасы жоқтардың да мәселесі тездетіп шешіле бастаған. Қайсыбір қаржылық ұйымдары қала ішінде картомат та орнатып жатыр. Яғни үйде отырып рәсімдеген карточкасын төтенше жағдай режимі аяқталғасын алса болады.

Еркебұлан САУРАНБАЕВ, «HOMECREDIT BANK» БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:

Сайт және мобильді қосымша арқылы ашқан кезде бірнеше шараларды орындау қажет болады. Клиент өзінің ИИН нөмірін яғни жеке өзінің нөмірін жазу керек болады. Және жеке куәліктегі ФИО жазу керек болады. Содан кейін біздің Алматыдағы клуб центр мамандары клиентке тікелей хабарласып, сол картаны рәсімдейтін болады.

Екінші деңгейлі банк өкілдері онлайн рәсімделген карточканы үйлеріне жеткізіп беру жағын да жоспарлап қойған. Сондай -ақ, шоты бұғатталып қалғандар да жәрдемақыға арнайы шот аштыруына болады. Айта кетейін, онлайн қызметке әзірге қалада төрт бірдей банк филиалы көшкен. Барлық механизм жергілікті әкімдік өкілдерімен келісе отырып жасалыпты. Басты мақсат вирустың таралуына жол бермеу.    

А. Төребекқызы