Негізгі / Жаңалықтар / Алматы хайуанаттар бағындағы маймылдар карантиннің біткенін күтіп жүр

Алматы хайуанаттар бағындағы маймылдар карантиннің біткенін күтіп жүр

Карантиннің біткенін адамдар ғана емес, Алматы хайуанаттар бағындағы жан-жануарлар да асыға күтіп жүр. Өткен айдан бері жабық орталықта, қазір қызметкерлерден басқа жан жоқ. Бақ қызметкерері әсіресе маймылдардың күйзеліске түсіп жатқанын айтты. Зообақтағы бүгінгі тіршілік жайлы тілшіміз баяндайды.

Көктем келе сала, хайуанаттар бағындағы жан-жануар ашық алаңқайға шығатын. Ал, биыл олардың кейбіреуі әлі қамауда тұр. Хайуанаттар бағы келушілер үшін жабық. Тек кезекші қызметкерлері ғана, уақытылы азық беріп, күтімін жасап жүр.

Мамандардың айтуынша маймылдар келушіілерді асыға күтіп жүр. Тыныштыққа үйрене алмай жүрген олар түрлі мінез шығара бастапты.

Шолпан ӘБДІБЕКОВА, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Есіктен біреу кіріп келе жатқан кезде бәрі есікке қарап отырады. Бөтен біреулерді көріп қалса, секіріп, қуанып, қолдарын шапалақтайды Чимпанземіз. Секіреді, айқайлап эмоциясын, ризашылдығын білдіріп жатады адамдардың келгеніне. Әрине, олар өте көпшіл, қауымшыл маймылдар, адам тәріздес маймылдар. Сондықтан да көпшілік керек.

Маймылдан бөлек балықтар, мүйізтұмсықтар мен құстардың да бірқалыпты тыныштықтан мезі болған. Есесіне пілдер мен керіктер үшін карантин майдай жаққан сияқты.

Кербез жануарлар мазасын алғанды ұната бермейді дейді мұндағылар. Сондай-ақ, карантинді пайдаланып, бақ ішінде жөндеу жұмыстарын да жасап жатқандарын айтты.  

Барфин АХМАД, АЛМАТЫ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ВЕТЕРИНАР ДӘРІГЕРІ:

Осы кезді пайдаланып ішкі жөндеу және көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жануарлардың көңілін көтеру үшін әртүрлі ойыншықтар да сатып алдық.

Қазір Алматы хайуанаттар бағында да санитарлық тазалық күшейтілген. Күн сайын жолдар мен қоршаулар заласыздандырылуда. Карантиннен кейін келушілерді қабылдау жұмыстарына дайындық әлден жүргізіліп жатыр.

А. Кемелжан